2025 жыл «Астана Балет» театры үшін шын мәнінде табысты әрі жемісті жыл болды. Өткен жылы қандай нәтижелерге қол жеткіздік? Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен елордалық театр бес танымал премьераны ұсынды, оның үшеуі ұлттық хореографиялық миниатюра.
Театр Павлодар, Алматы және Қостанайға гастрольдік сапарларын сәтті өткізіп, сондай-ақ Мәскеудегі беделді Benois de la Danse халықаралық сыйлығының номинанты атанды. Жылдың маңызды жетістігі Оңтүстік Кореядағы Cheonan World Dance Festival 2025 Дүниежүзілік би фестивалінде күміс медаль жеңіп, театрды әйгілеп тұрған – «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасының хореографиялық миниатюралары көрсетілді.

2025 жылы театрда 50 000 жуық көрермен қатысқан 83 спектакль көрсетілді. Осы кезеңде «Астана Балет» Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де беделді мәдени институт ретіндегі өз ұстанымын нығайта отырып, бірқатар маңызды шығармашылық жобаларды іске асырды. Сонымен қатар, театр әртістері Назерке Аймұхаметова мен Шырын Зайчикова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Наурыз айында Ержан Тоқсабановтың музыкасына Әбдірасул Есекеевтің «Жастар биі» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтті. Жарқын нөмір театрдың ел ішінде де, одан тыс жерлерде де көрермен көзайымына айналған маңызды бағдарламасы «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің құрамына енді. Бағдарламаның авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти.

Сол айда Павлодардағы Естай атындағы мәдениет сарайының сахнасында Тимофей Лавренюктің Бизе–Щедрин музыкасына қойған «Кармен-сюита» атты әлемдік шедевр қойылды. Екінші бөлімде көрермен қауым жас әрі талантты балетмейстер Айнұр Әбілғазина Петр Чайковскийдің музыкасына қойған бір актілі «Триумф» балетін тамашалады. «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Павлодар қаласының тумасы, әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряктың концерті гастроль шымылдығын жапты.
Мамыр айында Алматы тұрғындары театрдың түрлі репертуарымен танысты: «Blind Forgiveness» рок-балеті, театр оркестрі мен скрипкашы Ержан Құлыбаевтың қатысуымен «Жыл мезгілдері» симфониялық музыка кеші, «Махаббат туралы аңыз» әлемдік классика балеті, сондай-ақ «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисменті.

Шілде айында театр Карл Орфтың «Carmina Burana» балет-кантатасының үлкен премьерасымен XIII театр маусымын салтанатты түрде жапты. Қоюшы-балетмейстерлер Мукарам Авахри мен Тимур Загидуллин шығарманың ауқымды драматургиясын жеткізетін мәнерлі хореографиялық мәтінді қолданды. Театр сахнасында алғаш рет хор, оркестр, солисттер мен балет әртістері бір мезетте өнер көрсетті.
Күзде театр Оңтүстік Кореядағы Cheonan World Dance Festival 2025 аясында күміс жүлдеге ие болды. Айгүл Тәти қойған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасынан халық сахналық билерінің хореографиялық миниатюралары халықаралық сахнада қазақ мәдениетінің байлығын паш етті.

Қазан айында театр репертуары екі актілі «Қос кілем» балетімен толысты. Қойылым Ширван кілемі туралы ежелгі Әзірбайжан аңызына сүйеніп сахналанды. Хореография авторы – Александр Могилев, либреттосын жазған Валерий Копейкин, музыкасын шығарған – Арсений Смирнов.
Қазақстан Республикасы күніне орай «Мәңгілік ел» мерекелік концерті өтті. Оның аясында – «Қарлығаш» және «Құрбылар» екі хореографиялық миниатюраның премьерасы көрсетілді.

Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри және жетекші солист Сүндет Сұлтанов бейресми түрде «Балет Оскары» деп аталатын беделді Benois de la danse 2025 Халықаралық балет сыйлығының номинанттарының қатарына қосылды.
Жыл соңында «Астана Балет» театры бірден екі номинация бойынша театр сыншылары бірлестігінің жыл сайынғы сыйлығын жеңіп алып, жоғары кәсіби марапатқа ие болды. «Жыл балеті» атағы Мұқарам Авахри мен Тимур Загидуллиннің қойылымындағы «Carmina Burana» спектакліне, ал «Үздік балет әртісі» атағы жетекші солист Сүндет Сұлтановқа берілді.
2025 жыл театр үшін жеңістер, батыл эксперименттер және халықаралық деңгейде танылу жылына айналды. Мықты шығармашылық топ, талантты әртістер мен жаңашыл қойылымдар «Астана Балет» театрын ұлттық дәстүрдің шырақшысы ғана емес, сонымен қатар заманауи би өнерінің өкілі ретінде танытты. Театр жаңа жылды мақтанышпен және батыл жоспарлармен қарсы алады – көрерменді шабыттандыруды жалғастыру, хореографияның жаңа көкжиегін ашу және халықаралық сахнада қазақ мәдениетін лайықты дәріптеу.
