«Астана Балет» театры Атырауға алғашқы гастрольдік сапарын аяқтады. Көрермен назарына қазақ хореография өнерінің үздік үлгілері мен әлемдік неоклассика жауһары – «Серенада» балеті көрсетілген болатын. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойының аясында өткізілген гастроль, Махамбет Өтемісұлы атындағы театрға жиналған көрермен қауымды ерекше күйге бөлеп, олар астаналық әртістерге жылы ықыласын білдіріп жатты.
Бірінші бөлімде көрермен назарына Джордж Баланчиннің «Серенада» балеті ұсынылды. ХХ ғасыр балетінің алтын қорына енген қойылым, еліміздің сахнасында алғаш 2017 жылы қойылған болатын. Өнер сүйер қауым үшін, П.Чайковский музыкасына қойылған «Серенада» бейне бір бағыт-бағдар көрсететін нысана ретінде қабылданады.
«Баланчин бұл балеттің романтикалық сипатын мойындамай, жасырын сюжеті барын жоққа шығаратын. Бұл балетте бишілер әсем әуенге би билейді. Қаласаңыз, балеттің жалғыз сюжеті - ай астындағы би, деуші еді. Бұл оның Америкаға қоныс аударған соң қойған алғашқы балеті», - деген пікірімен бөлісті әртістер.
«Бұл көрсетілім ерекше әсер етті! Чайковскийдің ғажайып музыкасы мен мың бұралған әртістер, жарық, костюмдердің үндестігі – таңғажайып күйге бөледі. Бұл мистика деп едім... Өз басым, ғашық болдым! Бірін-бірі алмастырған хореографиялық сурет, үйлесімділік мені таңырқатты. Бұл – әлемдік деңгей!» - деп атап өтті, Уильям Галант есімді көрермен.
Қазақ биінің әсем өрнегімен өрілген «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы да атыраулық көрерменнің ілтипатына бөленді. Бұл бағдарлама отандық би өнерінің майталмандары – Мукарам Авахри мен Айгүл Тәти шығарған хореографиялық миниатюралардан құралған. Өз жұмыстарында олар этнографиялық материалдарды зерттеп, қазақ халқының тарихы мен дәстүріне ерекше мән беріп, оны заманауи хореография тілімен баяндайды.
«Бүгінгі кеш ерекше болды. Алғысымыз шексіз! Хореография, музыка, костюмдер мен жарық – бәрі әсем әрі өте үйлесімді. «Астана Балет» біздің қаламызға келгеніне ризамыз. Бұл белгілі бір дәстүрге айналады деген үмітіміз басым. Бізге ерекше көңіл-күй сыйлағаныңыз үшін мың алғыс», - деп атап өтті, Атырау қаласының тұрғыны.
Орайы келгенде, айта кетейік, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көпшілік іс-шараларды шектеу туралы тапсырмасына байланысты, «Астана Балет» Театры 2020 жылғы 13-наурыздан бастап спектакльдерді, атап айтқанда, 21-22 наурызға жоспарланған «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын көрсетпейді. Билеттерді қайтару мәселесі бойынша Театр кассасына және «Тикетон» билеттерді онлайн сату жүйесіне хабарласуыңызды сұраймыз.