15/12/2018

«Астана Балет» театрының қызметкерлерін «Құрмет» орденімен наградтады

Қазақстан Тәуелсіздігіне орай, мәдениет, өнер және спорт саласының қайраткерлеріне мемлекеттік наградаларды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы табыстады.

Өзінің құттықтау сөзінде министр 16 желтоқсан – Қазақстанның әр азамты үшін ыстық әрі қымбат мереке екенін айтты.

«Бірімізге біріміз құрмет көрсетіп отырғанға не жетсін. Шын мәнісінде, бұл дүниедегі ең асыл дүние – өнер. Қажырлы еңбектеріңнің арқасында, сендер Қазақстан мәдениетінің шарықтауына үлес қосып келесіңдер. Біздің өнеріміз халықаралық фестивальдерді табындыра білді деп нық айта аламыз», - деді, Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Алпыстан астам адам мемлекеттік медаль мен құрмет грамоталарына ие болды: мемлекеттік және қоғамдық істегі сіңірген еңбегі үшін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі үшін, достық пен ынтымақтық бекіте түскені үшін. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан награда алғандардың қатарында «Астана Балет» театрының қызметкерлері де бар.

Жоғары санаттағы қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәти «Мәдениет ісінің үздігі» белгісімен марапатталды.

«Астана Балет» театры директорының орынбасары Дүйсенбай Мұсабеков пен театрдың жетекші солисті Қазбек Ахмедияров «Құрмет» орденіне ие болды.