Жаңа жылдың қарсаңында, желтоқсанның 26 мен 31 күндері «Астана Балет» Театры Қазақ ұлттық хореография академиясымен бірлесе отырып, өнер сүйер жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын «Шерткіш» атты жаңа жылдық көрсетілімді тамашалауға шақырады.
Театрға келген көрермен мерекелік ертегі-спектакльді тамашалап қана қоймай, өздері де ғажайыпстанға саяхаттағандай күй кешеді: балет кейіпкерлерімен кездесіп, фототүсірілімге қатыса алады.
Чайковскийдің ғажайып музыкасын маэстро Арман Оразғалиевтың басқаруындағы оркестр орындайды. Дирижердың айтуынша, «Шерткіш» - күллі әлемде жиі қойылатын спектакль. Себебі, қарапайым сюжет, сиқырлы атмосфера балаларды ғана емес, ересектерді де еліктіріп әкетеді.
«Чайковский балет музыкасына тұтастық пен драматургияны алып келді. Оның шығармаларында бәрі бірімен-бірі сабақтасып, өзара байланысқан. Оның үш туындысы классикаға айналды: «Аққу көлі», «Ұйқыдағы ару» және ақырғы балеті - «Шерткіш». Мен үшін, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлау өте маңызды, спектакльден кейін, осындай ұлық сезімнен арылмаса екен деймін. Екіншіден, композитордың музыкалық мәтінін қаз-қалпында жеткізу. Бұл біздің оркестрдің қолынан келеді», - дейді, дирижер Арман Оразғалиев.
Дүниежүзінде бұл балеттің сандаған нұсқасы бар. Алайда, «Астана Балет» театрында қойылған Василий Вайнонен редакциясы бәрінен де көркем әрі ғажайып-сиқырға толы саналады. Көрермен жаңа жылдық шыршаны, ақшақарлар елін, тәттілер мен сыйлықтар патшалығын көре алады. Бұл спектакль Мариин театрында 85 жылдан бері қойылып келеді. Нұр-Сұлтанда көрсетілетін үш актілі балетті РФ халық әртісі, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова қойған.
Спектакльге 150-ден астам академия оқушысы мен театрдың 40 әртісі қатысады. Биыл астаналық театрда студенттердің жаңа буыны дебют өткізеді, ал, олардың болашақ әріптестері - Мария, Шерткіш және Дроссельмейрдің бейнесін сомдайды.
Сөз жоқ, «Шерткіш» – «басы қатты болса-дағы, аяғы тәтті» оқиға. Спектакль бойыңыздағы асыл сезімдерді оятып, ең бастысы, балалардың көңілінен шығары даусыз. Себебі, бұл – өмірде орын алатын ғажайыптар жайлы туынды.