29-қаңтарда «Астана Балет» театрының сахнасында дүниежүзіне әйгілі балеттердің бірі – аты мәшһүр композитор Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған «Щелкунчик» көрсетілді. Бұл кеште басты партияларды Мариинский театрының әртістері - прима-балерина Оксана Скорик пен солист Евгений Коновалов орындады. Астаналық көрермен Санкт-Петербордан келген меймандарды жылы қабылдап, қойылым аяқталған соң қошеметін аямады.
«Репертуардағы спектакльдерге шет елдік әртістердің қатысуы – кез-келген театрдың тәжірибесінде бар. Біріншіден, көрермендеріміз аты аңызға айналған Мариинский театры әртістерінің сахнадағы ойынын тамашаласын, олардың өнері көз қуанышына айналсын деген ой. Себебі, бұл спектакльді Василий Вайнонен 1934 жылы осы театрда қойған. Осы қойылымның нұсқасы «Астана Балет» театрында да қойылған», - деп атап өтті «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі, РФ еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Канетов.
Мариинский театрының ғаламат солисттері - Оксана Скорик пен Евгений Коновалов, классикалық бишілер. Әйгілі балет мектебінің дәстүрін сақтап келе жатқан олар, Машенька мен Щелкунчик партиясында жоғарғы шеберлік деңгейі мен сахналық харизмасын танытты.
Евгений Коновалов — елордамызға алғаш келген екен. Әртістің айтуынша, карантин кезіндегі гастрольдік сапар ерекше қастерлі көрінеді.
«Академияда білім алған кезден «Щелкунчикте» билеп келемін. Бастапқыда кордебалеттегі шағын партияларды орындап, кейін Тышқан королінің партиясын, Испан биін және т.б. орындадым. Сосын барып, Ханзаданы сомдай бастадым. Мен үшін «Щелкунчик» - ең сүйікті классикалық балетім. Оны осындай әдемі әрі заманауи театрда орындағаныма ерекше қуаныштымын. Көрермен қауым осы мерекелік атмосфераны сезініп, спектакльден ләззат алған шығар деп үміттенемін», - дейді Мариинский театрының солисті Евгений Коновалов.
Үміт, жақсылық пен дархандыққа толы ертегінің ғажайып атмосферасын маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігідегі симфониялық оркестр туындатып отырды.
Айта кету керек, 30-қаңтарда Машенька партиясын «Астана Балет» театрының жетекші солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрерменнің көзайымы – Татьяна Тен орындайды. Оның сахнадағы серіктесін театрдың жетекші солисті, дарынды әртіс Сүндет Сұлтанов сомдайды.
Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойған «Щелкунчик» спектакліне театрдың ересек әртістері ғана емес, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары да қатысады. 2017 жылы өткен премьерадан кейін-ақ, бұл туынды қаламыздың мәдени тынысында айтулы құбылысқа айналды. Мұны жыл сайын көрсетілімге билеттердің алдын-ала сатылып, үнемі аншлаг болуынан-ақ аңғаруға болады.
«Щелкунчик» балетін ұнататын көрермен қауымды құлағдар етіп қояйық, 5 - 6 ақпанда әйгілі ертегіні «Астана Балет» театрының сахнасынан тағы да тамашалай аласыз. Машенька партиясын театрдың жетекші солисттері – Дарина Қайрашева мен Анар Дүкиева, Щелкунчикті – Уэсли Карвальо мен Сүндет Сұлтанов сомдайды.