Театрдың басты премьералары өтетін кез – күз. «Астана Балет» театрындағы көптен күткен әрі өте әсерлі спектакльдер – Джордж Баланчиннің «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио» («Лағыл») және Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» («Арканы судьбы») дирижер Арман Оразғалиевтың басқаруындағы театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен, қарашаның 27 мен 28 күндері өтеді. Балет кешінің мінсіз формасы: стилистикасы мен көркемдік шешімі жағынан біріне-бірі мүлдем ұқсамайтын қос қойылым көрермен қауымды бей-жай қалдырмасы анық.
Бірінші бөлімде Джордж Баланчиннің «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио» бір актілі сюжетсіз балеті ұсынылады. Бұл – «Асыл тастар» спектаклінің бір бөлімі. Ол әлемнің жетекші театрларының репертуарынан орын алған. Бұл туындының әлемдік премьерасы 1967 жылы Нью-Йорк Сити Балет сахнасында өткен. Әйгілі хореограф, ХХ ғасырдағы әлемдік балеттің заңғар тұлғасы Джордж Баланчин «Van Cleef & Аrpels» зергерлік бұйымдарынан шабыт алып, асыл тастар жайлы балетті шығарған. Бұл туындысында ол өзінің өмір өткелерін паш етіп, шығармашылық жолының әр кезеңіне қатысты асыл сезімін сипаттап берген.
Игорь Стравинскийдің музыкасына қойылған «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио» - ішкі қуаты ғажайып, шат-шадыман әрі динамикалық балет. Сахнадағы әрекеттің эмоционалды қуаты басым, мұнда құштарлықтың сан сатысы суреттеледі. Джордж Баланчин қорымен шығармашылық ынтымақта және оның стилі мен техникасына сәйкес жасалған балет қойылымын америкалық хореограф Пол Бус жүзеге асырды.
Кештің екінші бөлімінде көрермен қауым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Карина Абдуллинаның музыкасына қойылған «Тағдыр бұлтарыстары» («Арканы судьбы») бір актілі балетін тамашалай алады. Балетті қойған «Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри.
«Тағдыр бұлтарыстары» - тұтас бір сахналық әрекетті құраған, қазіргі заман хореографиясының өрнегімен өрнектелген жиырма екі жеке-дара сюжеттен тұрады. Бұралаң жолдар мен тағдырдың бұлтарыстары әлемнің тұтас бейнесін құрап отыр: метафоралық бейнелер адамзаттың болмысын айғақтайды.
«Менің спектаклімді Джордж Баланчин туындысы көрсетілетін кеште көрсетпекшіміз. Шынымды айтсам, бір жағынан қобалжып тұрсам, бір жағынан мұны мақтан тұтамын. «Тағдыр бұтарыстары» спектаклінің музыкасын шығарған қазақстандық композитор Карина Абдуллина. Жалпы, спекаткльдің идеясы да Каринаға тиесілі. Бұл музыканы алғаш естіген бойда жан-тәніммен елітіп, адам баласының архетиптерін елестете бастадым. Менің ойымша, бұл спектакльдің ерекшелігі сол, бұл бейнелер 2000 жылдан астам ғұмыр кешіп келеді. Бірақ, осы күнге дейін оның музыка я болмаса хореография өнерінде көрініс таппағаны да белгілі. Сондықтан, көрермен қауымды тағатсыздана күтеміз. Театрымызға келіңіз», - деген ойымен бөлісті балетмейстер.
Премьералық көрсетілімдер Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдуымен жүзеге асырылған.
Спектакльдердің басталуы: 27 және 28 қараша, сағат 18:00. Премьераға билет сатылымы басталып, театрдың сайты арқылы онлайн режимде жүргізіліп жатыр.