18/03/2024

«Астана Балет» үздік қойылымдарын Алматыда паш етеді

«Астана Балет» Театры Алматыға жыл сайынғы кезекті гастрольдік сапарын ұйымдастырып, көрермен қауымға өнерін паш етпекші. Almaty Theatre сахнасында елоралық ұжымтүрлі жанрдағы бірегей бағдарламасын көрсетеді. Оған классикалық және заманауи хореографиялық қойылымдар, опера жұлдызы Мария Мудряктың концерті мен теңдесі жоқ шоу-бағдарлама еніп отыр.

7-сәуірде Театр гастроль шымылдығын дүниежүзілік опера жұлдызы Мария Мудряк пен «Астана Балет» симфониялық оркестрінің концертімен ашпақшы. Концерт дирижері Джузеппе Аквавива, солисті – Дамир Садуақасов. Бұл кеште италиялық опера мен француз ариясының лирикасымен, австриялық опереттаның романтикасы адуынды испан сарсуэлласымен үйлесімді үндестікте қауышады. Ал, әйгілі «Кармен» увертюрасы кеш атмосферасын танымал операның сезім қуаты мен драматизміне бөлейді.

10-сәуірде Театрдың бас балетмейстері Мукарам Абубахриеваның (Авахри) авторлық спектакльдері көрсетіледі. Бірінші бөлімде хореография өнерін сүйер қауым Фазыл Сай музыкасына қойылған «Саломея» балетін тамашалай алады. Оскар Уальдтың осы аттас шығармасынан шабыт алған хореограф, балет тілімен адам жанының қараңғы және жарқын тұстарын айқара ашқан нағыз фәлсафалық әпсананы шығарды.

Кештің екінші бөлімінде Абай әндеріне хореографиялық вариациялардан құралған, Ренат Салаватов, Карл Дженкинс және Хамит Шаңғалиевтің музыкасына қойылған мазмұны терең «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...» спектаклі көрсетіледі. Балет сегіз вариациядан құралған: Нұрға бөлену, Сегіз аяқ, Жыл мезгілдері, Көзімнің қарасы, Той бастар, Татьянаның хаты, Ақын мұңы, Желсіз түнде... 

13-14 сәуірде Сергей Прокофьевтің музыкасына Владимир Яковлев қойған «Ромео мен Джульетта» спектаклі, Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен көрсетіледі. Спектакльде адам жанының психологиялық иірімдері, Шекспир ойының тереңдігі, оның алғашқы һәм кемел трагедиясындағы сезім толқыны мен драматизм мейлінше жетік берілген.

16-сәуірде дарынды әртістердің орындауындағы концерттің тың, бірегей үлгісін паш еткен «Melodic show» бағдарламасымен гастроль шымылдығы жабылмақшы. Бағдарлама барысында көпшілікке танымал шығармалар, өзіндік аранжировкадағы джаз және заманауи хиттер орындалады: John Kander – NEW YORK, NEW YORK; Andrew Lloyd Webber – The Phantom of the Opera; Claude Bolling – Suite for Flute & Jazz Piano Trio; Rondo Veneziano – Armonie for oboe & violin; Kim Soo Jin – B Rossette; Zequinha de Abréu – Tico Tico; Drum Show (барабаншылар шоуы) және түрлі жанрдағы өзге де шығармалар.

Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.