«Щелкунчик» балеті – жаңа жылдық мерекенің символына айналғалы қашан. Дәстүр бойынша ол қысқы мереке – Жаңа жыл қарсаңында сахналанады. «Астана Балет» театрының репертуарында Василий Винонен редакциясындағы «Щелкунчик» спектаклін Ресей халық әртісі, Мариин театрының, Ұлыбритания Корольдік балетінің, Марсель ұлттық балетінің прима-балеринасы, «Астана Опера» Ұлттық опера және балет театрының және Қазақ ұлттық хореография академиясының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова қойды. Виноненнің «Щелкунчик» балеті Петербор классикалық мектебінің ең үздік үлгілерінің бірі ғана емес, бұл балалар мен ересектерге арналған сиқырлы, жарқын әрі өте мейірімді ертегі.
«Щелкунчик» балетінің алғаш сахналанғанына 130 жылдан астам уақыт өтті. Либретто Эрнст Теодор Амадей Гофманның «Щелкунчик және Тышқан королі» ертегісіне негізделген. Чайковский өз балетінде әлемнің түкпір-түкпірінен музыкалық цитаталар жинады: грузин бесік жыры, араб әуендері, неміс би әндері. Сонымен қатар, мұнда алғаш рет орыс композиторларының партитурасына дыбысы қоңырауға ұқсас «челеста» атты француз аспабы қосылған болатын.
Аңызға айналған бұл балеттің түрлі нұсқасы бар. Бірегей қойылымдар еуропалық және америкалық сахналарда бірнеше мәрте қойылды. Вариациялар мен интерпретациялар өте көп. Алайда Василий Винонен ұсынған редакция – зұлымдық атаулыны тамырымен құрта алатын достық пен махаббаттың алып күшін жырлаған жарқын әрі мейірімді, нағыз жаңа жылдық ертегі.
Жаңа жыл қарсаңында немесе жаңа жылдық мереке кезінде театрға бару – сиқырлы атмосфераға ену ғана емес, сонымен қатар, жақсы қылықтың белгісі. Сәнді киімдерін киген көрермен, шыршадағы жарқыраған шамдар, ойыншықтар, мандариннің иісі – мереке деген осы. Ал «Астана Балет» театрының тамаша әртістері балалар мен ересектерді баурап алатын ертегіні орындайды. Мерекелік көңіл-күйге бөленудің бір жолы – «Астана Балет» сахгнасындағы «Щелкунчик» қойылымын тамашалау. Осы спектакльден кейін жаңа жылдық ғажайыпқа сенбеу мүмкін емес.