03/12/2021

Тәуелсіз Қазақстанда мәдениеттің өркендеуі

Мықты, гүлденген мемлекет құру үшін экономикалық және әлеуметтік жетістіктермен қатар, мәдениеттің де, соның ішінде, хореография өнерінің де дамуы аса маңызды. Мемлекеттің ұдайы қолдауының арқасында осыған да қол жеткізіп отырмыз. Театр Қазақстанның мәдениеті мен өнерінің дамуына сүбелі үлес қосып, қоғамның рухани діңгегінің бекуіне ықпал етеді. Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы қарсаңында қазақстандық балет өнерін насихаттауда «Астана Балет» театрының ерекше ат салысқанын атап өткеніміз жөн. Балет өнері сан-алуан әрі бай мәдениетімізді өз елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де әйгілеп келеді.

2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған «Астана Балет» Театры еліміздің хореография өнерінің тарихындағы жаңа белеске айналды. Түрлі жанрдағы Театр репертуары әлемдік және отандық классика жауһарларымен, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толысып отырады.

Театрдың көркемдік басшылығының тынымсыз ізденісінің арқасында жаңа тұрпаттағы ұжым пайда болды. «Астана Балет» ұжымы кәсіби хореографияны тың идеялармен байытып, бидің қайталанбас әсем өрнегін дүниеге әкелді. Труппа А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің үздік түлектерінен жасақталған болатын; Франция, Германия, Ресей мен АҚШ-тың танымал хореографтары Яник Бокуин, Говард Куинтеро, Евгения Костылева, Пол Гордон Эмерсон, Асанга Дамаск және т.б. оларға арнап шеберлік сыныптарын өткізді. Жас әртістер орындаушылық шеберлігін шыңдауының арқасында қысқа мерзім ішінде би репертуарының үздік үлгілерін меңгеріп алды: небары жарты жылдың ішінде алпыстан астам хореографиялық миниатюра әзірлеп, талғамы биік көрермен назарына ұсынды. Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратованың жетекшілігімен театр труппасы классикалық мұраның жауһарлары енген «Ғасырдан ғасырға» бағдарламасын дайындап шықты.

Театрдың алғашқы қойылымдарының өзі көрермен қошеметіне бөленіп, әріптестер тарапынан жоғары бағаланды. 2013 жылы театр тұсаукесері өткен соң, ұжым алғашқы гастрольдік сапарын ҚХР Бейжің мен Шанхай қалаларынан бастап, одан кейін, еліміздің бірнеше қаласына сапар шекті. Қатарынан үш жыл Театр Санкт-Петербордағы «Звезды белых ночей» Халықаралық фестиваліне қатысты. Мариинский театрының әйгілі сахнасында «Әлем», «Кармен», «Жусан», «Gaia» және «Клеопатра» балеттері көрсетіліп, сыншылардың оң бағасын алып, петерборлық талғампаз көрерменнің қошеметіне бөленді.

Астаналық ұжым үшін көптен күткен елеулі оқиға – өзінің дербес сахнасының ашылуы-тын. 2016 жылдың 10-желтоқсанында «Астана Балет» театры ғимараты ашылып, арнайы шақырылған хореограф Рикардо Амарантенің «Diversity» қойылымы көрсетілді. Театрдың сахнасы мен көрермен залы әлемнің үздік сахналарынан кем түспейді: техникалық көрсеткіштері бойынша түрлі жанр мен стильдегі спектакльдерді еркін қоюға зор мүмкіндік бар. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған елорданың жаңа сахнасы Еуропа, Америка мен Азияның әйгілі жұлдыздары өнер көрсеткен беделді әрі танымал алаңға айналды.

Жаңа сахна кеңістігінде Театр хореография өнерінің Алтын қорына енген ХХ ғасыр жауһарларын сахналауға ден қойды. «Астана Балет» театрының репертуар саясатының арқасында, Джордж Баланчин мен Уильям Форсайт спектакльдері еліміздің ғана емес, күллі Орталық Азияның аумағында тұңғыш рет қойылған болатын.

Тағы сол репертуар саясатының арқасында, «Астана Балет» театры батыл қойылымдар мен эксперименттерден жасқанбайтын ұжым ретінде таныла бастады. Мукарам Авахри қойған Оскар Уайльдтың «Саломея» бір актілі балеті репертуарымыздан өзіндік орнын алып қана қоймай, Қазақстан мен Ұлыбританияның көрермендері мен сыншылары тарапынан жоғары бағаланған болатын.

Осы күні «Астана Балет» дарынды хореографтар мен білікті әртістерден жасақталған труппасы бар ұжым ретінде еліміздің балет труппаларының ішінде жетекші сатыға шықты. «Астана Балет» театрының труппасы А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің үздік түлектерінен жасақталғаны белгілі. Ал, осы күні театр ұжымында Бразилия, Бельгия, Австралия мен Израиль әртістері де бар.

Театрда туындының идеялық өзегіне, музыкалық-хореографиялық драматургияға және би тілін байытуға ерекше мән беріледі. «Астана Балет» театрында ұлтық балетті дамытуға көп көңіл бөлінеді, балет сахнасында ұлттық дәстүрді бейнелеудің көркемдік тәсілдерін іздеуге, осы арқылы ұлт болмысын суреттеуге талпынады; классикалық академиялық биді сақтап, оның позициясын нығайтып, классикалық мұраға айналған балеттерді сахналауға, қазіргі заман хореографиясын да назардан тыс қалдырмауға талпынып келеді.

Ұжымның репертуары сан-алуан әрі ол үнемі толысып отырады: этностың аңыз-әпсаналарынан бастап, классикалық мұраға айналған балеттер мен заманауи балетмейстерлердің батыл шешімдеріне иек артқан қазіргі заман қойылымдарына дейін. Театр қоржынында 29 спектакль мен 4 концерттік бағдарлама, сексеннен астам хореографиялық миниатюра бар. «Жизель», «Шерткіш», «Махаббат туралы аңыз», «Күлше қыз», «Бейбарыс сұлтан» және «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» сынды алты ауқымды спектаклі бар «Астана Балет» театры - өндірістік-қойылым жұмыстарын өз күшімен атқара алатын нағыз өнер ордасына айналды.  

Танымал отандық және шет елдік балетмейстерлер мен ұстаздармен шығармашылық байланыс орнатылғандықтан, әртістер сан-алуан би лексикасын меңгеріп, орындаушылық шеберлігін ұштап келеді. Сол себепті, ұжымның би тілі кез-келген елдің көрермені үшін түсінікті.

«Астана Балет» 9 жылдан бергі шығармашылық қызметі барысында әлемдік балет алпауыттарымен, соның ішінде, Уильям Форсайт, Джордж Баланчин Қорының хореографтары - Нанетт Глушак пен Виктория Саймон; Юрий Григорович, Алтынай Асылмұратова, Раймондо Ребек, Николо Фонте, Агнес Нолтениус азулы балетмейстерлермен бірлесе жұмыс істеді. Әртістерге әлемге әйгілі ұстаз-репетиторлар тәлім беріп, тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, біздің кәсіби мектебіміздің һас шеберлігін мойындап отыр. 

Алғаш құрылған күннен бастап, «Астана Балет» біршама қызықты шығармашылық жобаларды жүзеге асырғандықтан, ұжымды әріптестері мойындап, көрермендері қолпаштап келеді. Театр ел ішінде де, шет елдерде де гастрольдік-концерттік қызметін саябырлатқан емес: әртістер Франция, Ресей, Италия, Австрия, Монако, Бельгия, Мажарстан, АҚШ, Жапония, Қытай, Корея, БАӘ және өзге де елдерде өнер көрсетті. Әр гастрольдік сапар сәтті өтіп, рухани мәдениеті жоғары, дәстүрі бай ел ретіндегі Қазақстанның жағымды келбеті бекіп келеді.

Труппа Мариинский театры мен Михайловский театр (Санкт-Петербор), Беларусь Үлкен театры, Константин Сергеевич Станиславский мен Владимир Иванович Немирович-Данченко атындағы Мәскеу академиялық музыкалық театры, Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Мемлекеттік академиялық Үлкен театр, Royal Opera House (Лондон), Линкольн-орталық (Нью-Йорк), Токиодағы Бунка Кайкан, Париждегі әйгілі «Плейель» концерт залы, Grimaldi Forum (Монте-Карло) және Дубай Опера сахнасында қазақстандық балет өнерін паш етті.

«Астана Балет» Театрының ғимараты Қазақ ұлттық хореография академиясымен жалғасқан біртұтас архитектуралық кешенді құрап отыр. Академия – көп сатылы хореографиялық білім беретін Орталық Азиядағы алғашқы оқу орны. Бір жағынан білім ордасы, бір жағынан ғылыми-шығармашылық орталық саналатын, хореография өнерінің болашақ қайраткерлерін даярлайтын көп сатылы оқу орны. Осы оқу орнының түлектері өз елімізде ғана емес, Орталық Азия аумағында сұранысқа ие. Олар еліміздің хореография өнерін жаңа халықаралық деңгейге жетелеп келеді. Архитектуралық ансамбль оқу орнын, балет, тұрғын үй және театр ғимаратын біріктіріп тұр. «Астана Балет» театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясының шығармашылық ынтымағы еліміздің хореография өнерін өрге жетелеп, театр және академиялық өнердің толық сатысын әйгілеп отыр.

Дәстүрді сақтап, заманға сай дамыту, ұлттық және әлемдік мәдениет жауһарларынан нәр алу, жас дарындарды қолдап, елдер арасындағы мәдени байланысты нығайту, әлемдік мәдениет қауымдастықпен ықпалдастық - «Астана Балет» театры қызметінің басым бағыттары саналады.

Еліміздің тәуелсіз отыз жылдық тарихына қадам баса отырып, еліміздің жетекші театрларының бірі «Астана Балет», ел мәдениетін насихаттау, қоғамдық сананы жаңғырту, рухани және эстетикалық ағартушылық жұмыстарын жалғастыра түсуді мұрат тұтады. Тәуелсіздіктің, мемлекет қолдауының арқасында театр ұжымы өзінің бірегей тұжырымдамасын одан әрі дамытып, әлем жұртшылығын халқымыздың мәдениетімен таныстырып, қазақстандық балет мектебінің биік деңгейін көрермен қауымға танытуға мұрша алып отыр. «Астана Балет» театрының ұжымы Тәуелсіздік жылдары еліміз жеткен жетістіктерді мақтан тұтады.