24/02/2022

Көктем шуағы: наурыз айындағы «Астана Балет» театрының көрсетілімдері

Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында, 4-5 наурызда «Астана Балет» театрында ғажайып гала-концерт өтеді. Хореография өнеріне тәнті өнерсүйер қауым әлемдік балет классикасы, неоклассика мен заманауи хореография жауһарларын тамашалай алады. Бұл кеш – сүйікті спектакльдерінің әсерлі сәттерін бір мезгілде қайта көргісі келген тұрақты көрермен үшін де, театрымыздың қойылымдарымен алғаш танысқан көрермен үшін де ерекше кеш болмақ.

Гала-концерт аясында Людвик Минкус музыкасына Мариус Петипа сахналаған «Баядерка» балетінен Pas d'action премьералық көрсетілімі өтеді. Оны қойған Майра Қадырова. «Астана Балет» театры осы бір күрделі, көркем туындыны алғаш сахналап отыр. «Баядерка» балетінің салтанатты әрі тартымды сахнасы балет әртістерінің мінсіз орындаушылық шеберлігін көрсетіп қана қоймай, актерлік қабілеттерін де ашуға мүмкіндік береді. Замандастары, Петипа қойған pas d’action хореография өнеріне тың серпін берген орасан құбылыс болғанын атап өткен болатын.

18-19 наурызда балетмейстер Георгий Ковтунның Ақтоты Райымқұлова музыкасына қойған, аңызға айналған махаббат дастаны «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі астаналық көрермен назарына ұсынылады. Балет премьерасы 2021 жылдың шілде айында өтіп, көрермен қошеметіне бөленген болатын. Осы ұлттық спектакльде әсем сценография, классикалық, халық және заманауи би музыкалық бейнелермен үйлесім тапқан.

Хореограф айтпақшы, өзі қойған балеттерде зұлымдық тақырыбы алғаш рет бұлыңғыр, екіұшты етіп бейнеленген: «Әдетте, сахнада зұлымдықты көрсету оңай. Оны қалың бояулармен бейнелеп, әр әрекетіне салмақ түсіре суреттеуге болады. Сондықтан болар, зұлымның бейнесі әрдайым есте қаларлықтай жарқын көрінеді. Ал, бұл туындыда бәрі осыншалықты айқын емес. Менің ойымша, бөлтірік бейнесіндегі зұлымдыққа көрермен қауым іштартып тұрады».

Айта кетейік, 25-26 наурызда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» гала-концерті өтеді. Концертті – құрамында  халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттері мен түлектері бар «Хас сақ» этно-фольклорлы ансамбілі сүйемелдейді. Көрермен көзайымына айналған хореографиялық миниатюралар – халқымыздың бай салт-дәстүрін суреттейтін, әсем музыка, қайталанбас көркем бейнелер арқылы жан сарайыңды ажарлай түсетін, көкейге қонар сан түрлі билердің жиынтығы.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.