25/06/2019

Аңыз құдіреті

Нұр-Сұлтанда алғаш рет! Заманымыздың әйгілі хореографы Юрий Григоровичтің аңызға айналған балеті. Астана күніне орай, шілденің 3, 5 және 6 күндері «Астана Балет» Театрының сахнасында «Махаббат туралы аңыз» балетінің премьерасы өтеді.

Адам – дәуір. Григоровичтің есімі әлемдік хореография өнерінің жылнамасына алтын әріптермен қазірден-ақ жазылып отыр. Одан да артық: оның есімі брендке айналды. Репертуарында оның спектаклі бар театрдың мәртебесі өседі. Оның театр труппасының кәсіби шеберлігіне қояр талабы жайлы аңыз-әңгімелер көп... ал, ол болса, өзі аңыз шығарады.

«Махаббат туралы аңыз» - пайда болған күннен заңғар биіктен көрінген туынды. Авторы заманынан озық туған кемеңгер ретінде қабылданып, партияларды орындаған әртістер көрермен ілтипатына бөленіп келді.

Бірақ, астана тұрғындары мен қонақтары осы балет туындысын тамашаламас бұрын, театр әртістері қоюшы-хореограф Юрий Григоровичтің ассистенттері Руслан Пронин мен Оксана Цветницкаяның жіті қадағалауымен репетиция өткізіп жатыр.

- Біз Үлкен театрдан да артық болып шыққанына мүдделіміз. Әйтпесе, несіне жұмыс істеп жүрміз, мұнда? Бізді тек осы сенім ғана арқаландырып отыр. Кез-келген жаңа қойылым, осы туындыны ой елегінен өткізу тұрғысынан қарағанда тағы бір адым алға басуымызға жол ашады. Сондықтан, біз, бүгінгінің әртістерінің мүмкіндіктеріне қарап отырып, Юрий Николаевич жасайтын амалдарды жүзеге асрыып келеміз. Егер адам тәнін хореографтың құралы ретінде қарасақ, айталық, суретшінің бояуы іспетті, онда қазіргі әртістердің мүмкіндіктері осыдан елу жыл бұрынғы әртістермен салыстырғанда едәуір орасан екенін айтуымыз керек. – деген ойымен бөлісті, қоюшы-хореограф Юрий Григоровичтің ассистенті Руслан Пронин.

Күллі шығыс әпсаналары секілді, бұл балеттің де сюжеті қарапайым әрі тартымды. Патшайым Мехменэ Бану сіңілісін аман алып қалу үшін сұлу көркін құрбан етеді. Оның сіңілісі Шырын аман қалғанымен, бұл бақыт әкелмейді: сарай суретшісі болып орналасқан Фархат апалы-сіңілілі екеуінің де жүрегін баурап алады.

- Техникалық жағынан әрине, жасайтын дүние көп. Сосын, Меликовтың музыкасы да өте күрделі, жылдам, өзінің ырғағы бар. Бұл музыканы тыңдап отырып, бойыңа сіңіру керек. Хореографияға қатысты да осыны айтуға болады, – дейді, театрдың жетекші солисті Татьяна Тен.

Әртістер әр вариацияларды кемеліне жеткізу үшін көптен бері репетиция жасап келеді. Кейіпкерлердің эмоциясын, қимыл-әрекетін айнытпай салу оңай емес. Басты партияларға дайындалып жүргендер: Мехменэ Бану – Айжан Мұқатова, Айнұр Әбілғазина, Дилара Шомаева мен Риза Қанатқызы; Шырын – Анар Дүкиева, Дарина Қайрашева және Татьяна Тен; Фархат – Илья Манаенков, Қазбек Ахмедияров және Фархат Бөриев; Уәзір – Әмір Жексенбек пен Бауыржан Мекембаев.

- Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая бірінші рет келгенде, біз вариациялардың реттік қатарын, техникалық тәсілдерін меңгердік. Бұл жағынан қарағанда, партия өте күрделі. Бейнеге еніп, сол сәт сахнада билесең, бәрі өте жеңіл көрінеді. Эмоциялық тұрғыдан алғанда бұл рөл өте терең, күрделі әрі ауыр. Сұлулығын тәрк еткен, осындай шешім қабылдаған әйелді елестетіп көріңізші? Либреттода жазылғандай, Мехменэ Бану нағыз құлпырған шағында, өзінің нәзік болмысын ұғынған кезінде осындай шешім қабылдауға мәжбүр, – дейді, рөлін сомдап жатқан кейіпкері жайлы ой бөлісе отырып, театрымыздың жетекші солисті Айжан Мұқатова.

Балет дайындалып жатқан тұста, Юрий Григорович сарай суретшісі Фархаттың бейнесін Рудольф Нұриевке арнап қойған екен. Дегенмен, Кеңес одағынан безген биші, сол күйі осы арманына қол жеткізе алмай өткен көрінеді.

Нұр-Сұлтандағы премьера кезінде Фархаттың рөлін «Астана Балет» театрының жетекші солисті Фархат Бөриев сомдайды. Әртіс, осыдан бірнеше жыл бұрын осы балетте өнер көрсеткенін еске алды:

- Бұл спектакль маған өте таныс, Фархаттың партиясын билегенім барр. Сол себепті, өзге әртістермен салыстырғанда маған бәрі оңай тиіп отыр. Тек кейбір нюанстары өңін өзгерткендіктен, сол тұстарға көбірек мән беру керек болып тұр. Қалғаны етене жақын. Бұл спектакль біздің театрымызда қойылып отырғаны мені қуантады. Бұл өте әдемі спектакль, – дейді ол.

Ежелгі парсы аңызына арқау болған үш жүректің қасіреті немен аяқталмақ? Мұны қала тұрғындары мен қонақтары шілденің 3, 5 және 6 күндері «Астана Балет» Театры сахнасында өтетін премьерадан ғана біле алмақ.