Биыл маусым айында премьерасы зор қошеметпен өткен «Жібек жолы» балетінің теленұсқасы тамыз айында қазақстандық телеарналардан көрсетілетін болады. Жоба авторлары көрермен қауымды Ұлы Жібек жолымен саяхаттауға шақырады. Мұнда жібек азия мен еуропа өркениеттерін байланыстырушы символ ретінде алынып отыр.
Шілде айында «Астана Балет» театрының сахнасында екі актілі «Жібек жолы» балетінің экрандық нұсқасының түсірілімі жасалды. Қоюшы-балетмейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри, режиссері – Тахир Әлиев. Телеспектакльде көрермен қауым «Астана Балет» театрының сүйікті әртістері – Дарина Қайрашева, Айнұр Әбілғазина, Анар Дүкиева, Қаламқас Орынбасарова, Наталья Фернандес-Менес, Аңсаған Көбентай, Әсел Жаңғасқаева, Сүндет Сұлтанов, Фархад Буриев, Уэсли Карвальо, Артур Эдсон және т.б. өнерін тамашалай алады.
«Бұл алғашқы тәжірибеміз емес. Бұған дейін «Бейбарыс сұлтан» балетінің теленұсқасын түсірген едік. Бұл күрделі әрі өте қызықты үрдіс, шығармашылық ұжымымыз орасан тәжірибе жинақтады. Репертуарымызды экранға көшіруіміздің бірден-бір себебі: әлдебір себептермен спектакльдерімізді тамашалай алмаған көрермен қауымға театрымыздың өнерін паш ету. Еліміздің барлық қалаларының әрбір тұрғыны спектаклімізді тамашаласа екен, деген ниеттеміз. Менің ойымша, балеттің теленұсқасы осы мақсатымызға жетуімізге сеп болмақ», - деп атап өтті Мукарам Авахри.
"Мен үшін бұл жобаның режиссері қызметін атқару зор мәртебе, себебі, өнер атаулы - бейбітшілік жаршысы. Түсірілімге үлкен шығармашылық әрі техникалық топ қатысты. Балеттің теленұсқасын дайындауға - түсірілім мен монтажды қоса есептегенде екі айдай уақыт кетті. Еліміздің балет өнеріне үлес қосып жатқанымыз ерекше мақтаныш сезімін оятады. Режиссер ретінде, мен спектакль атмосферасын жеткізуге күш салдым. Көрермен қауым түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің тынысын сезінуі тиіс қой. Оның үстіне, осының бәрін тұтас бір туындыға айналдыру керек еді. Жалпы, Мукараммен шығармашылық жұмыс өте қызықты, сонымен бірге, өте ерекше күйде өтті", - деді Тахир Әлиев.
Қоюшы-балетмейстер классикалық және халық биінің элементтерін шығыс мәнеріндегі реңге бөлеу арқылы, заман ырғағымен алмасып отыратын түрлі бейнелер, стильдер мен көркемдеу әдістері бар туындыны жарыққа шығарды. Керуен, нефрит, жібек пен амфоралардың бейнесі әрі көркем, әрі сахнаға «лайықталған». Музыка мен би – уақыттан тыс құбылыстар. Сол арқылы бір өркениеттен екіншісіне еркін саяхаттау мүмкіндігі туады. Суреттер, оқиғалар бірінің ізін бірі ала алмасып, ерекше күйге бөлеп, көрермен қауымды мәдениеттер тоғысында идеялар мен мән-мазмұн пайда болатын үздіксіз сапарға бастайды.
Декорация, костюмдер, жарық пен бейнекөрініс өзара үйлесіп, спектакльдің хореографиялық өрнегін аша түскендіктен, осының өзі хореографиялық туындының тұтастығына сеп болды. Сахнаның ықшам әрі шағын безендірілуінің арқасында хореограф үздіксіз жолды, оның заман ырғағына қарай тұрақсыз әрі өзгермелі болатынын суреттей алды. Ал, шығыс сарындарының эмоциялық ұрмалы ырғақпен үндесуінің арқасында көрермен қауым бір пластикалық саяхаттан екіншісіне еркін ауысып отырды.
Балет қойылымы туралы идеяны Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен, Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры жүзеге асырды.
Балетті шығаруға дарынды өнер қайраткерлері ат салысты: либретто авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, композиторлар – Ренат Ғайсин, Арман Амар, Владимир Иванофф пен Омар Фарук Текбилек, балетмейстердің ассистенті - Айжан Жүнісова, костюм суретшілері – Әсел Шалабаева мен Дина Буксикова, сценограф – Асқар Ысқақов, бейнесуретші – Нұрлан Керей, жарық суретшісі – Роберт Даутов.