21/05/2023

«Жібек жолы» спектаклінің Алматыдағы премьерасы

19-20 мамырда Almaty Theatre сахнасында «Астана Балет» театрының ұжымы хореограф Мукарам Авахри қойған соңғы туындылардың бірі «Жібек жолы» екі актілі балетін паш етті. Либретто авторы – ақын, сценарист Бақыт Қайырбеков.

«Бас балетмейстер Мукарам Авахридің есімі театрымызбен тығыз байланысты. Өнер ордасының барлық жеңістері мен даму барысы, сөз жоқ, отандық хореографияның жаңа белесіне балауға тұрарлық құбылыс.  Мукарам Авахридің әрбір қойылымы қайталанбас пластикасымен, хореографиялық суретімен дараланып тұрады; көрермен қауым мен сыншылар да оның туындыларын жылы қабылдап, қошемет танытады. «Жібек жолы» балеті де тап сондай: репертуарымыздан ойып тұрып орын алған осы туындыны Алматыда көрсетудің өзі бір мәртебе. Спектакльде би мен музыканың сара жолын, стильдер мен мәдениеттердің бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байыта түскенін көреміз. Бұл туындыда Ұлы Жібек жолының бойында жатқан елдер мен халықтардың сарындарынан құралған музыкалық компиляция қолданылған. Бұл спектакль ешкімді бей-жай қалдырмасы анық», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Бұл спектакльде бас кейіпкер, нақты сюжет желісі жоқ. Тек қана бейнелер алмасып отырады. Олар көркем ғана емес, сонымен қатар, «сахнаға сай». Қиялыңа қанат бітіріп, түрлі пластикалық шешімдерді іздеуіңе, соған сәйкес, хореографиялық бейнелерді табуыңа түрткі болады. Бірін-бірі алмастырған көріністер, сахнадағы іс-әрекет көрермен қауымды шексіз сапарға бастайды. Мұнда идеялар мен ұғымдар – мәдениеттер тоғысында пайда болып жатады.

«Жібек жолы тақырыбы ауқымды ғой. Оған бойлаған сайын сарқылмас әрі бай мұра екенін түсінесің. Қойылымда классикалық би негізіндегі хореография қолданылды. Дегенмен, ориентализм элементтері, яки, шығыс мәнеріндегі хореографияның да өрнегі қосылып, осы арқылы бейнелердің көркем келбеті толық ашылды деген ойдамыз. Алматылық көрермен әртістердің вариацияларын ерекше ықыласпен қабылдап, жібектің пайда болуы мен оның ұлы жолы туралы спектакльге тиісті құрмет көрсетті», - дейді қоюшы-хореограф Мукарам Авахри.

Туындының музыкасы үш композитордың шығармаларынан құралған: Арман Амар, Владимир Иванов және Омар Фарук Текбилек. Қалған сахналарға композитор Ренат Ғайсин әуен шығарды. Сценография авторы Асқар Ысқақов, ал, ғажайып костюмдердің суретшілері – Әсел Шалабаева мен Дина Буксикова. Қоюшының көркемдік ойын жетесіне жеткізу үшін визуалды әсерлер де қолданылды. Бейнесуретші – Нұрлан Керей, жарық суретшісі – Роберт Даутов.

«Бұл спектакльдегі негізгі мақсатымыз – белгілі бір мәдениетпен байланысты бейне арқылы автордың ойын жеткізуге тырысу. Көрерменнің көз алдында түрлі бейнелер пайда болады. Бірін-бірі алмастырған бұл бейнелердің көз тартар тартымдылығы ерекше. Сонымен қатар, әрқайсысы белгілі бір мән-мазмұнға ие. Дегенмен, көрермен қауым бұл туындыны тамашалай отырып, түрлі ойға беріліп, осы қойылымды әркім өзінше ой елегінен өткізіп, өзінше бағалай алады», - деген ойымен бөлісті, театрдың жетекші солисті Айнұр Әбілғазина.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.