19/09/2023

«Астана Балет» театрында «От қыз» ертегісінің премьерасы өтеді

Жаңа театр маусымы дәстүрлі түрде ғаламат көрініспен басталады. 6-7 қазанда көрермен қауымды «Астана Балет» театры ХІ маусымының алғашқы премьерасы – «От қыз» екі актілі ертегі балетін тамашалауға шақырамыз. Балеттің қоюшы-балетмейстері – театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри. Либретто авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссёр, сценарист, ақын Бақыт Қайырбеков, композиторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина.

«Театрымыздың негізгі ұстанымы – ұлттық өнерді сақтап, дамытып, көкжиегін кеңейте түсу. Жаңа «От қыз» спектаклі осының дәлелі бола алады. Бұл спектакль дарынды авторлардың жұмыла атқарған еңбегінің жемісі. Либретто авторы Бақыт Қайырбеков мәдениетіміздің қыр-сырын ашып, өзіндік ерекшелігін әйгілеп берсе, композитор Карина Абдуллина шығарған музыка спектакльге жан бітіріп, түрлі эмоцияға бөлеп, хореограф Мукарам Авахридің жаңашыл, батыл идеялары көрермен санасына қозғау салып, көкейінен шығады деген үміттеміз. Ұлттық дәстүр мен хореография өнеріндегі заманауи әдіс-тәсілдерді терең ұғынудың нәтижесінде көрермен көкейінен шығатын нағыз өнер жауһарлары дүниеге келеді», деп түйіндеді өз сөзін, театр директоры Александр Совостьянов.

«От қыз» екі актілі балеті мифологиялық сюжетке құрылған. Оқиға желісі бойынша Мерген есімді аңшы өзінің дүлей күшін таныту үшін Күнді атып түсіріп, салдарынан күллі әлем қараңғы түнекке оранып, қақаған аяз басталады. Мергеннің алаңғасарлығынан Биік Шөп елі зардап шегіп, бойжеткен ханшайым От қыз жоғалып кетіп, қыс түседі. Ағат кеткенін түсінген Мерген қателігін түзеп, әлемге жарық пен жылуды қайтаруға тырысады.

«Бұл қойылым жасы кіші және ересек көрермендерге де қызықты болады деген ойдамыз. Себебі, мұнда әрқайсымыздың жанымызға жақын дүние бар. Бұл спектакль ерекше ертегі атмосферасына бөлеп, түркі мифологиясының ғажайып әлеміне жетектеп әкетеді. Декорациялары мен сахналық костюмдері, музыкасы әсем. Театрымыздың бас балетмейстері Мукарам Авахридің режиссерлік дарыны көрермен тарапынан әлдеқашан мойындалған. «От қыз» ертегісі де оның жарқын туындыларының қатарынан табылары күмәнсіз. Театрымыздың да тағы бір белесі болары аян. Баршаңызды премьераға шықармын», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұран Канетов.

Спектакльді шығаруға еліміздің дарынды өнер қайраткерлері ат салысты. Ғажайып ертегі атмосферасын жасау үшін «Астана Балет» сахнасында жарқын декорациялар мен костюмдер Әйгерім Алтыбасарованың эскиздері бойынша дайындалды. Суретші-сценографтың ассистенті Асқар Ысқақов, костюм суретшісінің ассистенті Наталья Протасова суретші ойын жүзеге асырды. Жарық суретшісі Денис Солнцев, бейнесуретші Нұрлан Әбішев көрерменді ертегі әлеміне жетелеп әкетер сахнаны безендіру жағын қамдады. Ал, қойылымның музыкалық жетекшісі әрі дирижер Арман Оразғалиев театрдың симфониялық оркестрімен бірлесе отырып, көрермен жүрегінен орын алар әсем әуен шығарды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.