1-2 сәуірде «Астана Балет» сахнасында қазіргі заман биінің дауылпазы Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған «Жолдан тайғандар» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтті. Қоюшы-хореограф Стефан Жеромски. Астаналық ұжым Килианның даңқын әлемге жайған ақ-қара түсті балет ішіндегі танымал туындысын сахналады.
«Бұл «Астана Балет» театрының 2022 жылғы алғашқы премьерасы. Көрермен қауым оны жылы ықыласпен қабылдағаны да бізді қуантып отыр. Әлемнің әйгілі театрлары чех философ-хореографының балетін репертуарына қосуға асық. Сондықтан, Килиан туындысының репертуарымызға енгені біз үшін зор құрметпен қатар, орасан жауапкершілік әрі балет труппасының кәсіби шеберлігін мойындаудың белгісі. Оның өнер туындылары интернациналды әрі өзектілігін жоймаған, заманауи дүниелер», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов.
«Жолдан тайғандар» туындысында, дауылпаз соққысымен сахнаға атып шыққан бишілер осы ырғақтың әсерімен қимылдап, көрермен қауымды ұйытып әкетеді. Сахнадағы көріністен ешкім көз ала алмай қалады. Бишілер сахнаның түбінен музыкасыз адымдап басып, алға қарай шығады. Содан соң дауылпаздың соққылары естіліп, осы әуен мен бишілер күреске түсетін секілді көрінеді. Дауылпаздың әр соққысы – ішкі импульс іспетті. Дауылпаздың сан соққысының ішінен бір ырғақты тапқандай көрінгенде, ол үзіліп кетіп, басқа әуен басталады.
«Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің музыканттар Жасұлан Қабимолла, Жандос Құдайберген, Ярослав Середич және Саят Елеусіннің де орасан еңбегін атап өткен жөн. Стивен Райхтың Drumming part 1 композициясы - орындалуы жағынан өте күрделі шығарма саналып, орындаушылардың мінсіз техникасын талап етеді.
«Атақты хореографтың ассистенті Стефан Жеромскидің жетекшілігімен театр әртістері қысқа мерзім ішінде өзіндік «килиан стилін» меңгеріп алды. Ол классикалық шеңберден тыс шығып, біздің әртістер үшін үйреншікті бидің формасынан асып түскен. Бишілер күрделі хореографияны меңгеріп қана қойған жоқ, өздерінің дербес келбетін де сақтай алды. Сөйтіп, осы қойылымның тартымдылығын арттыра түсті», - дейді, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
«Меніңше, бұл балет әйел табиғатын жан-жақты зерттейтін тәрізді. Олардың әрекетін болжау қиын, мінездері сан-қилы, ішкі болмысы да түрлі. Бұл қойылым дербестік туралы. Себебі, «жолдан тайған» періште не істесе де өз еркі. Олар әлдебіреулердің сұранысын, олардың қалауын орындауға, соған сәйкес болуға міндетті емес. Меніңше, көрермен қауым да бишілерді өзге қырынан танып, көргеніне, осы арқылы қойылымды да бағалай алғанына іштей қуанып отырды», - деген ойын білдірді Стефан Жеромски.
Сахнада минимализм. Ең бастысы – музыка мен бидің үндестігі. «Астана Балет» әртістері өздері үшін жаңа хореографияда ғаламат би өрнектерін меңгеріп, заманауи би жауһарына баланған қойылымның ішкі тылсым күшін көрсете білді.
«Иржи Килиан – кемеңгер. Оның әр туындысы дербес дүние. Ол ешқашан қайталанбай, әрбір кезекті туындысында мүлдем бөлек техника мен пластиканы жасауға күш салады. «Жолдан тайғандар» туындысында ең әуелі мінсіз музыкасын атап өтер едім. Әр қыздың соло партиясы бар. Ал, бәріміз қосылып көпшілік биді орындағанда шатасып қалмас үшін, іштей санап отыру қажет. Тағы бір айта кетерлігі, көпшілік биді орындағанда да әрқайсымыз даралығымызды сақтап тұрамыз. Бұл биді орындау үшін физикалық тұрғыда дайындық қажет. Бұл нағыз шедевр», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының жетекші солисті Татьяна Тен.