09/11/2020

«Астана Балет» театрында экология тақырыбына арналған балеттің премьерасы өтті

6 - 7 қарашада «Астана Балет» театрында хореограф Анвара Садықова қойған «Желтораңғы туралы аңыз» бір актілі балетінің премьерасы өтті. Қазақстан өнерінің саңлақтары – композитор Қуат Шілдебаев пен либретто авторы Бақыт Қайырбековпен бірлесе отырып, балетмейстер мазмұны терең хореографиялық туындыны дүниеге әкелді.

«Бұл балет Қуат Шілдебаевтың музыкасын тыңдаған кездегі өзімнің ішкі толқынысымның көрінісі: ұлттық, сонымен бірге, заманауи, қазіргі көрерменге түсінікті сезім иірімдері», - дейді хореограф.

Балеттегі оқиға қазақ даласында тамыр жайған ғажайып ағаштың төңірегінде өрбиді. Құм көшкініне төтеп берген Тораңғы қатайып, тамыры терең бойлайды. Бірақ, күтпеген жерден отыншылар келіп, ағашты шаппақшы болғанда, бір Бозбала Тораңғыны қорғап қалады.

Спектакльде көтерілген негізгі идея – басына бұлт үйірілген тұстағы халықтың асқақ рухын суреттеу. Осы күш-қуат Тораңғы бейнесімен өрілген. Сонымен бірге, қоюшы-хореограф адамзатқа ортақ өзекті мәселелерді де қозғайды: табиғат пен адамдар арасындағы конфликт. Сахнада ол қатыгез тай-таласқа ұласады. Сөйтіп, адамдардың табиғатқа ойланбастан, қасақана қол салуының залалын айқын көрсетеді. 

«Бұрын барлық адамдар, әсіресе, біздің қазақ халқы айналадағы тіршілік атаулының жаны бар деп сенетін. Сол себепті табиғатты аялайтын: мекиен далада көк атаулы аз болғандықтан, әр ағаш киелі саналатын. Далада ағашты көрсеңіз, бұл жақсылыққа баланатын. Оның саясында тынығуға болады, оған құстар ұя салады. Мұның бәрі – біздің пайымымыз жете бермейтін сұлулықтың көрінісі. Оны аялап, оған қорған болу керек», - дейді либретто авторы Бақыт Қайырбеков.

Тораңғы партиясын екі күнде «Астана Балет» театрының солисттері  Аңсаған Көбентай мен Әсел Жанғасқаева орындап шықты. Бозбала партиясын Фархад Бөриев пен Сүндет Сұлтанов, ал, нәзік те асқақ Тораңғы жанын – Дилара Шомаева мен Дарина Қайрашева сомдап шықты.

«Қазақ философиясы мен мәдениетінде әйел затының алар орны ерекше. Ол рух секілді, барша тіршілік атаулының бастау бұлағы. Спектакльде ол Тораңғы бейнесі арқылы берілген. Ол ұлттық нақыштағы орман нимфасы іспетті», - дейді театрдың жетекші солисті Дилара Шомаева.

Спектакльді көркем безендіруді «Астана Балет» театрының шеберлері жүзеге асырды. Әсем декорация мен костюмдер қазақ биінің бай мұрасы мен классикалық биді ұштастырған хореографтың бірегей пластикалық тілін ажарландыра түсті.

«Премьераны асыға күттім. Мен билетті алдын-ала сатып алып, осы спектакльді көзімен көрген бақытты жандардың қатарынан табылдым. Спектакльдегі әр деталь өзара байланысқан. Үндестік бар. Музыка болсын, хореография болсын, декорация немесе бейнекөрініс болсын, бәрі бірімен-бірі үндескен. Жаныңды тебірентер сәттер қаншама?! Әртістер кемеліне жеткен, өте нанымды ойнап шықты. Харизмасы самсап тұр», - деген ойымен бөлісті көрермендердің бірі Нұргүл Есенгелді.

Орайы келгенде айта кетейік, жақын арада көрермен назарына тағы бір премьера ұсынылады. 21-қарашада жас хореограф, «Астана Балет» театрының жетекші солисті Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» бір актілі балеті көрсетілмек. Ал, 14-қарашада Мукарам Авахридің «Саломея» және Рикардо Амарантенің «Longing» бір актілі балетін тамашалай аласыз.