28/09/2022

«Астана Балет» сахнасында «Кармен-сюита» балетінің премьерасы өтеді

14-15 қазанда «Астана Балет» сахнасында Альберто Алонсоның Жорж Бизенің «Кармен» операсының негізінде қойылып, композитор Родион Щедрин оркестрге арнайы лайықтаған «Кармен-сюита» бір актілі балетінің премьерасы өтеді. Бұл ХХ ғасырдағы балет өнерінің қайталанбас үлгісі саналады: жарқын, қарама-қайшылыққа толы музыка, Майя Плисецкаяға арнап қойылған хореографиялық концепция. Әйгілі балерина Кармен ролін сомдауды сахнаға алғаш аяқ басқан кезден армандаған екен.

Х мерейтойлық маусымдағы алғашқы премьера бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді. Хореографияны астаналық театр сахнасына көшірген Ресей Үлкен театрының солисті Тимофей Лавренюк.

«Бұл балеттің сахналық ғұмыры өте ауыр еді. Кеңестік өнер үшін ол нағыз сын болды. Еркіндікті ту еткен, сезімі албырт Карменнің хикаясы талай балетмейстердің шабытына қанат бітіріп, ал, ең мықты балериналар осы партияны орындауға құштар. Осы күні бұл балетті дүниежүзінде қояды. Әр қойылым сайын оның жаңа тынысы ашылып, жаңа қырынан көрінеді. Бұл нағыз шедевр. Карменнің бейнесі – ынтық сезім, әйел затының көз тартар сұлулығы мен асыл болмысын суреттейді», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

1875 жылы Жорж Бизенің көпшілікке танымал опера жауһары «Кармен» жарыққа шықты. Сол кезден бері испан сығанының бейнесі француз композиторының музыкасымен байланыстырылады. «Кармен-сюита» балетінің әлемдік премьерасы 1967 жылдың 20-сәуірінде Үлкен театр сахнасында өтті. Балеттегі басты тақырып ретінде – сыған Кармен және оған ғашық болған сарбаз Хозенің қайғылы тағдыры алынған. Сыған қызы сарбаздан теріс айналып, жас Торероны таңдайды.  

Опера тақырыбына музыкалық транскрипция жасаған композитор Родион Щедрин. Ол ерекше ынтызарлықпен жұмыс істеп, әйгілі опера мен Проспер Мерименің новелласындағы психологиялық астарлы ойды музыка тілімен өрнектей білді. Ал, кубалық балетмейстер Альберто Алонсоның жарқын әрі бірегей хореографиясының арқасында кейіпкерлердің сезімі мен арман мұраты барынша нанымды суреттелгені соншалық, «Кармен-сюита» би өнеріне құштар жандардың сүйікті балетіне айналып, танымал театр сахналарынан тиісті орнын алды.

Осы туындының музыкасын балет өнерінен алыс жандар да жақсы біледі. Испан фольклорының әуенімен өрілген музыка симфониялық концерттерде де жиі орындалады. Алайда, сахнада сыған бейнесі пайда болып, музыкаға би қосылса, сөз жоқ, қоюшылар мен орындаушылар бай музыкалық және хореографиялық материалды айқын меңгере алған болса, көрермен қауым сахнадағы көріністен рухани ләззат алады.

Спектакль премьерасынан кейін, кештің екінші бөлімінде тоғызыншы театр маусымының шымылдығын жапқан, модерн элементтері бар неоклассика мәнерінде жасалған «Орфей мен Эвридика» балетін тамашалай аласыз. Бұл балеттің хореографы – әйгілі Джон Ноймайердің шәкірті Кристина Полин. Балеттің музыкалық әуезі ғаламат. Бұл туындыда би мен музыка шынайы үйлесім тауып, көрерменнің жан-дүниесін баурап алады.

Премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.