Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамының қарсаңында, «Астана Балет» театры әсем әрі әсерлі «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын паш етпекші. Екі күн бойы, 21 - 22 наурызда «Астана Балет» Театрының сахнасында қазақ ұлттық биінің жауһарларын тамашалай аласыз.
Бұл бағдарлама еліміз бен шет елдерде ерекше қошеметпен қабылданады. Ол үнемі тың концерттік нөмірлермен толысып отырады. Осылайша, ұлттық бидің ерекше өрнегіне тамсанып, бала кезден таныс сарын жүрегіңіздің түбіне бойлайды.
«Ұлы Дала мұрасы» – қазақ мәдениетін айшықтап тұрған, «Астана Балет» театрының репертуарындағы айырықша дүние. Мұнда этнографиялық элементтер мен заманауи хореографиялық шешімдер үйлесім тапқан. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған әр миниатюра – көшпелі халықтың дүниетанымын танытатын ерекше дүние.
Ұлттық бояуы қанық туындылар мәдениетіміздің бастау бұлағына арқа сүйеп, дәстүрімізді сақтап, оны келер ұрпаққа аманат етіп, бидің жаңа өрнектерін кемеліне жеткізуге күш салып келеді. Эстетика, ерекше әсерлілік, жарқын костюмдер, хореографиялық туындылардың терең мағынасы күллі әлем көрермендерін тамсандырмай қоймайды.
«Астана Балет» Театрының негізгі ұстанған бағыттарының бірі – ұлттық хореографиялық пластикаға негізделген тың композицияларды дүниеге әкелу. Қазақ ұлттық биі – болмыс-бітіміміздің тылсым тілі. Мұнда халқымыздың ұлылығы мен даналығы, оның дархан мінезі көрініс тапқан. Наурыз мейрамының қарсаңында көрермен қауым бұл бағдарламаны тағы бір тамашалай алатыны бізді қуантып отыр», - деді қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәти.
Спектакльдердің басталуы: 21 - 22 наурыз, сағат 18:00.