19/03/2025

Павлодарда классикалық балет кеші мен әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряктыі концерті өтеді

2025 жылғы 17-19 наурыз аралығында «Астана Балет» театры Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Павлодар қаласына гастрольдік сапармен барады.

Елордалық театр көрермендерге балет, симфониялық және опера өнерінің бірегей үндестігіне құрылған, түрлі жанрлар мен стильдерді біріктіретін ерекше бағдарлама дайындады. Бұл мәдени шара өнер сүйер қауымды шынайы классика атмосферасына бөлеп, онда әрбір қозғалыс пен әрбір аккорд балет шеберлігінің эстетикалық ғана емес, сонымен қатар терең эмоционалды жағын ашып, симфония мен бидің сиқырын шынымен сезінуге мүмкіндік береді.

2025 жылғы 17-18 наурыз аралығында «Астана Балет» театры Павлодардың Естай атындағы Мәдениет сарайының сахнасында Бизе-Щедриннің «Кармен-сюита» балетін көрсетеді. Айта кетерлігі, бұл спектакльдің премьерасы шамамен 60 жыл бұрын Үлкен театр сахнасында, кейін Гаванада, Куба ұлттық балетінің сахнасында өтті. Проспер Мерименің осы аттас новелласы бойынша жазылған либретто мен хореография авторы кубалық балетмейстер Альберто Алонсо. Қойылымды сахналаған Тимофей Лавренюк. Бизе операсының тақырыбына сүйенген Родион Щедриннің музыкалық транскрипциясы ерекше шеберлікпен жасалғаны соншалық, әуезінде композицияның шеберлігі ғана емес, сонымен қатар Бизе музыкасы мен Проспер Мериме новелласында көрініс тапқан нәзік психологиялық реңктер де бірімен-бірі астасып жатыр.

Қазіргі заманғы балет әлемінде «Кармен-сиюта» тауындысы балет өнеірінің жауһарына баланып отыр. Ал, албырт сезім мен нәзік сезім иірімдеріне бағынған Карменнің рөлін сомдау шығармашылық дәурені тасыған балериналардың асыл арманына айналғалы қашан.

Екінші бөлімде жас талантты балетмейстер Айнұр Әбілғазинаның Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған бір актілі «Триумф» балеті көрсетіледі.

Бұл хореографиялық қойылым классикалық балеттің биігі мен салтанатын паш етіп, қалың көпшілікті ұмытылмас ерекше күйге бөлейді. «Триумф» – жай ғана би емес, сұлулық пен кемелдікті әспеттеген классикалық балет өнеріне арналған гимн.

2025 жылғы 19 наурызда Естай атындағы Мәдениет сарайының сахнасында әлемдік опера жұлдызы, павлодар өңірінің тумасы Мария Мудряк пен «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің концерті өтеді.

Концерт барысында көрермен қауым әйгілі отандасының орындауындағы опера өнерінің сан салалы әлемін тамашалай алады. Бағдарламада Италия операсының жауһарлары, австриялық опереттаның романтикасы, испандық сарсуэла әуендері шырқалады.

«Туған қалам Павлодарда концерт беру мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын.  Сонымен қатар, осы кештің өтуіне ұйытқы болған «Астана Балет» театрына, олардың ғаламат симфониялық оркестріне де алғысымды білдіргім келеді», - деді опера өнерінің асылы Мария Мудряк.