26/01/2023

Қазақ даласынан шыққан Мысыр билеушісі: «Астана Балет» сахнасында «Бейбарыс сұлтан»

17-18 ақпанда «Астана Балет» театрының сахнасында Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» балетінің көрсетіледі. Бұл туынды Мысырдағы Мәмлүктер әулетінің негізін қалаған Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойына арналған. Осы спектаклі үшін Мукарам Авахри «Үздік хореограф» аталымы бойынша өнер саласындағы Umai ұлттық сыйлығының иегері атанғанын атап өткен жөн.

«Бейбарыс сұлтан» - астаналық театр репертуарындағы табысты спектакльдердің бірі. Мұнда авторлар билік шыңына шыққан адам тақ үшін қандай ақы өтейтіні, оны ұстап қалу үшін нендей әрекетке баратыны жайлы ой толғайды. Байтақ даламыз бен туған елге деген сағымдай сағыныш – шығарманың арқауына айналды.  Бейбарыс Таяу Шығыста танылса да, оның тағдыры қазақтың байтақ даласымен байланып тұр. Ол осында туып, туған еліне сүйіспеншілігін бойына сіңіріп, жусанның кермек дәмін өмір бойы жадында сақтап өтті.

Қойылымды шығаруға өнер майталмандары ат салысты: композиторлар – Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиев, либретто авторы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, суретші-сценограф – Леонид Басин, костюм суретшісі – Ася Соловьева, жарық суретшісі – Арсения Сафиуллина.

Хореографтың айтуынша, әйгілі ақын, режиссер әрі сценарист Бақыт Қайырбековтың либреттосында суреттелген бейнелердің мағыналық ауқымы терең әрі біржақты болмағандықтан, оның бәрін би тіліне көшіру оңайға тимеген. Кейде бұл бейнелер мен мағыналық салмақты сол қалпынша жеткізу тіпті мүмкін болмағанын айтып, ақтарылды: «Әрине, кейде бұл бейнелерді тым жеңілдетуіме тура келді. Себебі, автордың либреттода сөз өрнегімен жеткізген бейнесін сол күйінше би тіліне түсіру мүмкін болмады. Дегенмен, осы бір үйлесімділікке қол жеткізу – арманым. Өйткені ақынның суреттеуі құрғақ баяндаудан әлдеқайда терең әрі сан қырлы».

Шайқастың, жекпе-жектің сахналарын, кәнизәктар мен құлдардың биін хореограф өте әсерлі етіп шығарған. Соның арқасында спектакль ауқымды тарихи туынды ретінде елеулі әсер қалдырып, көрермен қауым шығыстың тылсым атмосферасына шомғандай болады. Ықшам бейнеконтентте тек алтын түстес шаң-тозаң ғана бейнеленген. Оған қарап отырып, көрермен де түрлі ойға батады. Ол бірде биліктің, уақыттың белгісі, енді бірде әміршілердің даңқты жеңістері мен өкінішті жеңілістерін жадыңыздан өшіріп, көметін жай ғана құм секілді елестейді.   

Жетекші партияларды «Астана Балет» театрының әртістері орындайды: Бейбарыс – Айдан Қалжан мен Әлімхан Төребеков, Құтыз – Фархад Буриев, Шатжар – Айнұр Әбілғазина мен Аяулым Мақұмова.

Тарихи тақырыпқа балет қою жайлы идеяны Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілігімен Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры жүзеге асырған.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.