«Астана Балет» театры Грузияға гастрольдік сапармен барады. 14-15 қарашада Тбилисидегі З.Палиашвили атындағы Опера және балет театрының сахнасында астаналық ұжым мазмұнды әрі таңдаулы бағдарламасын паш етеді. Гастроль аясында «Саломея», «A Fuego Lento» бір актілі балеттері мен «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы көрсетілмекші.
«Біз үшін Грузияға сапар өте маңызды. Әйгілі сахнада өнер көрсету орасан жауапкершілік, сондықтан, балет өнеріндегі шеберлігімізді көрсеткіміз келеді. Гастроль бағдарламасын таңдауға да аса ыждаһаттылықпен қарадық. Сөйтіп, өзіміздің негізгі бағыт-бағдарымыз – қазіргі заман және неоклассика балеті мен репертуарымыздың мақтанышы, отандық және шет елдік көрерменнің көзайымына айналған ұлттық дивертисментті таңдадық. Әртістер мен театр ұжымының өнері ұмытылмас әсер қалдырып, көрермен жүрегінен орын аларына үміттіміз. Грузиялық көрерменмен кездесуімізді тағатсыздана күтіп жүрміз», - деді театр директоры Александр Совостьянов.
Айта кету керек, «Астана Балет» театры еліміздің жетекші хореографиялық ұжымдарының біріне айналып, дүниежүзі бойынша сан мыңдаған жанкүйерлері бар. Гастрольдік-концерттік қызметін өз елімізде де, шет елдерде де белсенді атқарып келеді: әртістеріміз Бейжің мен Шанхай (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзірбайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша), Минск (Беларусь), Брюссель (Бельгия), Милан (Италия), Монте-Карло (Монако), Дубай (БАӘ) қалаларының әйгілі сахналарында өнер көрсетті.
Алғашқы күні талғампаз көрерменнің назарына Л.Шифрин, А.Пьяццолло, К.Гардель және С. Косуги музыкасына Рикардо Амаранте қойған «A Fuego Lento» неоклассикалық балеті ұсынылады. Бұл – балетмейстердің махаббат пен құштарлық жайлы еркін қиялы. Бір актілі балеттің әр эпизоды – албырт әрі сезімтал танго әуезіне қойылған хореографиялық миниатюралар. Орындаушылықтың асқан шеберлігі мен албырт сезім ұшқыны үндестік тапқан балет шынайы сезімді суреттейді. Себебі, танго ырғағы үшін жасандылық атаулы жат.
Сол күні, кештің екінші бөлімінде Оскар Уайльдтің пьесасы бойынша Фазыл Сай музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Саломея» балеті көрсетіледі. Авторлық интерпретациядағы библия сюжеті сезім арпалысын суреттейді, ал, бас кейіпкерлердің күрделі, қарама-қайшы бейнелері көрермен қауым үшін адам жанының жұмбағының шымылдығын ашқандай болады. Балетмейстер зұлымдық пен жақсылықтың мәңгілік күресі жайлы ой толғап, әрқайсымызға өз таңдауымызды жасауды ұсынады. Спектакльдің шырқау шыңы – Саломеяның биі. Бұл оқиға суретшілердің, мүсіншілер мен композиторлардың шығармалары арқасында көпшілікке белгілі.
Гастрольдік сапардың екінші күні астаналық ұжым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисментін көрсетеді. Этнографиялық материал мен заманауи хореография үндестік тауып, дегенмен, ұлттық бидің өзіндік өрнегі мен нақышы мейлінше сақталған хореографиялық миниатюралардың топтамасы театрдың гастрольдік бағдарламасына міндетті түрде қосылады. Эстетика, әсемдік, тереңдік пен қайталанбас көркем бейнелер әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің көзайымына айналған.
Гастрольдік сапар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.