05/07/2021

«Астана Балет» сахнасында махаббат туралы дастан

2-3 шілдеде балетмейстер Георгий Ковтунның қойылымындағы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінің премьерасы өтті. «Астана Балет» театрының қала күніне тартуын елордалық көрермен жылы қабылдап, әртістерге қошеметін білдіріп жатты.

Премьераны Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Премьер-министр Кеңсесі басшысының орынбасары Ермек Аманшаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және өзге де ресми тұлғалар тамашалады.

                    

Қазақтың лиро-эпостық жырларының жауһарына жататын туындының желісімен қойылған туынды балетке сай келіп тұрғандай. Жырдағы ізгілік пен зұлымдықтың, махаббат пен өшпенділіктің, адалдық пен опасыздықтың күресі суреттелген балеттің көркін Ақтоты Райымқұлованың музыкасы ашып отыр.

«Біз махаббаттың тылсым күші жайлы халық дастанын негізге ала отырып, спектакльді қазақ би элементтерінің мәнерімен көркемдедік. Яғни, театрымызда осы эпосты сахналау арқылы қазақ өнерінің дамуына үлес қоспақшы болдық», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

                 

Георгий Ковтун классикалық және заманауи балеттің, қазақ биінің өзіндік өрнегі мен күштік элементтерді қолдана отырып, ұлттық нақыштағы қызықты әрі әсерлі хореографиялық туындыны жарыққа шығарды. «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» спектаклінде хореограф балет мазмұнын, яғни, ыза-кек, қуаныш әйтпесе үміт болсын, кейіпкерлердің алуан-түрлі сезім иірімдерін би қимылымен жеткізуге күш салды. Қозы мен Қодардың антагонизмін көрсетудегі ізденісін балетмейстердің шығармашылық табысына балауға болар. Сонымен қатар, қос ғашықтың пәк сезімі, екеуара құштарлығы мен өзара сенімі де әсерлі би өрнегімен суреттелді.

                

Көркем декорация мен әдемі костюмдер де көне эпостың уақиғасын сахна кеңістігінде аша түсті. Андрей Злобиннің сценограциясында қолданылған көлемді декорациялар көрермен қауымды қазақтың көне аңыз-әпсаналарының атмосферасына қарай жетелеп әкеткендей. Костюм суретшісі Анна Ипатьеваның эскиздері бойынша тігілген түрлі костюмдер де  спектакль көркін аша түсті. Георгий Ковтунның жетекшілігімен бейнесуретші Дмитрий Шамов қолданған жарық және бейнелік безендіру де спектакль идеясын ашуға әсер етті. Осы көркемдік бейнелеу мен безендіру құралдары қойылымның ұлттық нақышын нақтылай түсті.

               

Дегенмен, ең бастысы хореография мен артистизм екені даусыз. Қоюшы-хореографтың ассистенті Евгения Костылева астаналық театр әртістерімен үлкен жұмыс атқарды. Баян Сұлудың бейнесін балет әртісі Дарина Қайрашева сомдады. Премьераның екінші күні Баян партиясын театрдың жетекші солисті Айнұр Әбілғазина орындап шықты. Баян халқымыздың бойжеткен, қалыңдық, әйел туралы жиынтық бейнесі екені белгілі. Қозы бейнесін жетекші солист Сүндет Сұлтанов сомдады. Орындаушылық техникасы, партияның эмоционалдық мазмұнымен толыға түсіп, сахнадағы жарқын образға айналды. Қодар партиясын орындаған «Астана Балет» театрының әртісі Ерқанат Ермағамбет те мінсіз техника мен әртістік шеберлік биігінен көрінді. Қарияның рөлін дарынды биші Серік Аманжол сомдап шықты. Құртқаның партиясын Риза Қанатқызы, ал, премьераның екінші күні – Аңсаған Көбентай орындады. Сонымен қатар, спектакльге Қазақ ұлттық хореография академиясының жасөспірім оқушылары да қатысты. 

               

Әртістердің күрделі техникалық сүйеу, биік секіру мен вариацияларын көрермен қауым зор қошеметпен қабылдап, қолдау білдіріп жатты. Тың, заманауи өрнекпен, қайта ой елегінен өткізіліп қойылған спектакль көрермен қауымның көңілінен шыққаны – жылы ықыласынан көрініп тұрды.

Премьера Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен астана күніне орай, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.