Тәуелсіздік күніне орай, 14-желтоқсан, сағат 19:00 «Астана Балет» театры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри дайындаған «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасын көрермен назарына ұсынады. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
Классикалық мұра мен қазіргі заманның балет өнеріне арқа сүйей отырып, «Астана Балет» театры ұлттық биді халықаралық сахнаға алып шықты. Ұлттық бояуы қанық, терең этнографиялық мазмұнға ие көркем билердің топтамасы театрымызды әйгілеп тұрған дүниеге айналып, Еуропа мен Американың ірі қалаларының тұрғындарын тамсандырған болатын. Өз туындыларында Мукарам Авахри мен Айгүл Тәти қазақ халқының тарихына шолу жасайды.
«Ұлы Дала мұрасы» атты би сюиталарының топтамасы мәдениетіміздегі, бай тарихымыздағы құнды жәдігерлерді суреттейді. Би, пластика тілі арқылы біз халқымыздың жан-дүниесін жеткізбекшіміз. Театрымызда ұлттық балетті дамытуға көңіл бөлініп, балет сахнасында ұлттық дәстүрді суреттеудің мейлінше көркем құралдарын іздеуге күш салынып келеді», - деді Айгүл Тәти.
«Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің стилистикасы түрлі болғанымен, кең-байтақ Ұлы Даламыздың тарихымен ұштасып жатқан, моншақтай тізілген хореографиялық миниатюралардан құралған. Концерттік бағдарламада қазақ хореография өнерінің соңғы жетістіктеріне куә бола аламыз. Этнографиялық элементтер, би дәстүрі мен заманауи балетмейстерлік шешімдер өзара үйлесім тапқан бұл туындылар визуалды-көркемдік әсерлерімен, әсем костюмдерімен де ерекшеленеді.
«Дүниежүзінің көрермен қауымының қазақ ұлттық биіне деген қызығушылығы басым екенін байқап жүрміз. Оның ерекше би өрнегі мен көз тартар өзіндік сюжеттік иірімдеріне көпшілік тәнті. «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы да үнемі тың дүниелермен толықтырылып, жаңа қырынан ашылып, лағылдай жарқылдайды. Сөйтіп, біз ұлттық бидің құдіретіне тамсанып, бала кезімізден құлағымызға сіңіріп өскен әуендерден рухани ләззат аламыз», – деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Расында да, «Астана Балет» театры әртістерінің орындауындағы хореографиялық миниатюралар халқымыздың жан дүниесін ашып, ұлылығы мен дана болмыс-бітімін би тілінің құдіретімен суреттейді. Ал, көрермен қауым балет өнерінің ғаламатын сезініп, һас шеберлердің өнеріне тәнті болады.