28/06/2018

Неоклассикалық балеттің патриархтары

Неоклассикалық балеттің патриархтары

 

Флюра Мусина

Балет сыншысы

Фестивальдің екінші күні Словения (Люблин) Ұлттық театрының өнерін тамашаладық. Биыл театр жүз жылдығын атап өткен. Қырық әртістен тұратын труппа репетуарында классикалық, сонымен бірге, заманауи қойылымдар бар. әйтсе де, репертуар саясаты неоклассика мен модернге басымдық беретіні аңғарылды. Фестивальде де неоклассика балетінің патриархтары Ханс ван Манен мен Милко Шпаремблектің қойылывмдары көрсетілді.

Құштарлық табиғаты жайлы бес сөз.

Нидерландтық хореограф Ханс ван Манен ұстамды эмоция, би суретінің математикалық дәлдігі мен жалпы қимылға деген махаббатымен ерекшеленеді. Оның балеттерінде (86 жасар хореограф өзінің шығармашылық өмірінде жүз елуден астамын шығарған болатын) сюжет жоқ. Өйткені, Ханс ван Маненнің ойынша, ол биге зейін қоюға кедергі. Алайда, сюжеттің жоғы оқиғаның жоғын білдірмейді. Хореограф та өз туындыларын абстракция ретінде бағалануына қарсы.

«Менің сюжетім – би мен биші. Мен адамдарды көргім келеді, залда кездескен тұстағы серіктестердің көңіл-күйі, біріне бірі жанасуы, көзқарасы мен үшін аса маңызды. Менің әртістерім көзбен билейді. Адами қарым-қатынас жайлы менің балетімде міндетті түрде баяндалады», - дейді әйгілі хореограф.

Ван Манен Дж.Баланчинді пір тұтып, оның музыкалық танымын мирас етіп қалды. Нидерландтық хореографтың қойылымдарын «көрнекі музыка» деп бекер атамаса керек. Оның билерінде бос кеңістік қалмайды.

«Бес танго» атты Астор Пьяцолланың музыкасына қойылған спектакльде құштарлық сезімі жылт еткен адамдар арасындағы қарым-қатынас түбегейлі зерттеледі. Бес түрлі танго – Словения Ұлттық балеті труппасының әртістері тарапынан баяндалды. Техникалық тұрғыдан мінсіз, ерекше шабытпен орындалған қойылымды көрермен қауым зор қошеметпен қабылдады. Бәлкім, аргентиналық композитордың музыкасындағыдай құштарлық шектен шықпаған шығар. Қайтейік, славян текті халықтың байсалдылығы мен нидерландтық хореографтың ұстамдылығы осы биді өзгешелеу сипатқа бөледі. Әйтсе де, неоклассика шедеврін тамашалаған жұрт ризашылығын білдірді. Славян текті халықтың кеңдігі мен нәзіктігі «Пастораль симфониясында» айқын көрінді. Оны словениялық балеттің классигі Милко Шпаремблек қойған.

Милко Шпаремблек Словенияда туған, сол себепті, словениялықтар оны хореографияның ұлттық классигі ретінде ерекше бағалайды. Ал, Шпаремблектің өзі классикалық биді құрмет тұтады. Оны әуелі Загребте, кейін, Парижде – Ольга Приображенская мен Сергей Переттиден үйренген болатын. 60-шы жылдары Еуропаның түрлі труппаларында би билеп, қойылым қойған. Би реформаторы Морис Бежардың ықпалына түсіп, де ла Монн театры мен «ХХ ғасыр балеті» труппасында жұмыс істеді. Бір кездері «Гульбенкян балле» португал труппасы мен Нью-Йорктегі «Метрополитен-опера» балет труппасына жетекшілік еткен. Сосын, Словенияға оралып, қырық жылдың көлемі болды, бар жиған-терген шығармашылық тәжірибесімен туған театрымен бөлісіп келеді. Биыл хореограф 90 жасқа келеді. Бірақ, әлі тың, шығармашылық идеялары да мол. Бетховеннің әйгілі шығармасына қойылған «Пастораль симфониясы» алғаш 1986 жылы көрермен назарына ұсынылды. Ұлттық театрдың мерейтойына қарсы оны өзі жаңартып, театрды әйгілейтін шығарма ретінде фестивальге әдейі келіп, оны фестиваль кешінің екінші бөлімінде орындады.

Пастораль симфониясы жайлы бірер сөз.

№6 Пастораль симфониясы – Людвиг ван Бетховеннің жалғыз бағдарламалық шығармасы. До-минор Қаһармандық симфониясымен бір мезгілде 1808 жылы жазылған ол (композитор бұл шақта құлағының мүкістігі асқынып жатты), бұл шығармадан мүлдем бөлек. Сырқаты дендеп алған Бетховен мүкістігі үшін қатал тағдырмен күресіп кек алмайды, керісінше, табиғаттың ұлы күшін, өмірдің қарапайым қуаныштарын жырға қосады. Хореограф та музыкаға сәйкес, жасанды пастораль сахналарын шығармай, музыкада естігенін қимылмен, пластикамен жеткізуге тырысады. Яғни, өмірдің әу бастағы қуанышын жырлайды. Ол тіпті бөлім атауларын да өзгеріссіз қалдырып, тура музыкаға сәйкес туынды шығарады.

«Ауылға келгендегі қуанышты сезім» атты бірінші бөлімді хореограф «Ояну» деп атап, атқан таңды суреттейді. Спектакль сценографтары жарықпен және бейнеинсталяциямен жұмыс істеп, таң құланиектенген шақты бейнелейді. Жеңіл жібектен тігілген әртістердің ақ костюмдері таңғы бояуға өзгеріңкіреп, пластика мен композициялық құрылымдар музыкалық тақырыптардың соңынан ілесіп отырады.

«Бұлақ басында» атты екінші бөлім де композитор ойына ілеседі. Үлкен бейнепроекция судың пластикалық бейнесін жасап, әуел бастағы жылға, бөлім соңында бүкіл экранға жайылады. Керемет дуэттер, трио, ішекті аспаптардың ойыны мен тұған су беті, үздіксіз кантилена адажио – осының бәрі музыкамен бірге асқақтап, жайлылық пен үйлесім күйіне бөлейді.

«Ауыл шаруаларының көңілді бас қосуы» атты үшінші бөлімді хореограф «Бесін» деп атап, осы бөлім өмірді жырға қосып, қамсыз күйді суреттейді. Шаруа билерінің қарапайымдылығы мен бетховендік скерцоның өткір қалжыңын хореограф дуэттер мен ансамбльдер арқылы пластика тәсілімен жеткізуге тырысты. Осы бөлім жарық түскен сахнада баршаның шаттанғанымен аяқталады. Әртістер бидің еркін ырғағына шомылып, ал, хореограф классикаға деген махаббатына қарамастан, заманауи техниканың бар мүмкіндіктерін, соның ішінде, модерн, contemporary, тіпті, акробатика элементтерін де молынан қолданады.

«Бесіннен кейін. Найзағай» атты төртінші бөлім – мерекелік идиллияны бұзады. Осыған дейінгі сахналардың бәріне контраст есебінде қойылған ол, симфонияның жалғыз драмалық эпизоды: күтпеген жерден басталған ол, сол күйі «Күн соңы» атты финалға дейін үздіксіз жетіп, хореограф шопанның жайдары өлеңінің ырғағына сай, пластика тілімен «бораннан кейінгі қуанышты» бейнелейді.

Әртістер сахнада композитордың қиялы мен хореографтың шабытымен боранды кейіптеп билеп жатқан кезінде, сыртта да нағыз дауыл болды. Өнердің тылсым күші деген осы болар! Әлде, ауа-райына әсер ету үшін Бетховен мен Шпаремблектің дарынына ие болу керек пе екен?

«Eurasian Dance Festival» екінші күні көрермен қауым ду қол шапалақтан, қошеметін білдіріп жатты. Біз ХХ ғасырдағы екі көрнекті хореографтың шығармашылығымен таныса алдық.

Қойылым аяқталған соң да, ду қол шапалақтау аяқталған жоқ. Словения Ұлттық балетінің көркемдік жетекшісі Санья Нескович Першин мен труппа әртістері фестиваль ұйымдастырушыларына алғысын білдіріп, «Астана Балет» театрының ғажайып сахнасына таңданысын жасырмады. Әсіресе, талғампаз көрерменге ризашылықтары ұшан-теңіз еді.

Ал, біз бұдан да асқан, бірақ, ерекше күйге бөленетініміз анық. Себебі сюжетсіз неколассиканың таза қимыл қозғалысына құралған қойылымдарын тамашалағаннан кейін, біз шекспирдің құмарлығы мен таза драмалық шығармаларға көшеміз. Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінің Юрий Григорович қойған нұсқасын тамашалай аламыз. Фестивальге оны Қазақстанның байырғы театрларының бірі – Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры алып келді. Бұл тіптен басқа құштарлық болары даусыз!