02/07/2018

Жұлдыздар шеруі. Классикадан қазіргі заманға дейін

Флюра Мусина

Балет сыншысы

Қорытынды Гала концерт түрлі мектеп, стиль мен бағыттағы бишілерді ғана емес, фестивальдің ауқымын айғақтаған түрлі елдердің де бас қосуы іспетті өтті. Ресей (Мәскеу), Голландия, Германия мен Қазақстан әртістері балет өнерінің үздік үлгілері мен заманауи билерді көрсетті.

Фестиваль палитрасына жаңа бояулар енді: Ицик Галили мен Мауро Бигонцеттидің диссонансты, үзік-үзік ырғақтары Мариус Петипаның академиялық құрылымға ие біркелкі билеріне көлеңке түсірді; Вайноненнің әуелеген вариациялары Жюль Перроның көне грекия құдайларының дуэттерімен бәсекелесті;Рикардо Амарантенің ынтық сезімге толы композициялары Кеннет Макмилланның ғашықтар дуэтімен үндесіп жатты; ал, «Дон Кихоттың» әйгілі соңғы па-де-десі осы кештің соңғы нүктесін қойғандай еді.

Қатысушылардың құрамы да көңілден шықты – бәрінің шыққан мектебі, өмірлік тәжірибесі, түрлі конкурстар мен түрлі ұжымдардағы жұмыстары орасан. Балет әртістері мектеп жасынан түрлі сайыстарға қатысып, марапат алып үйренген. Сондықтан болар, олар үнемі тың тәжірибе алмасуға құштар келеді. Фестивальге қатысқан әртістер де түрлі ұжымдарда жұмыс істеп, біршама сайыстарға қатысып, алуан-түрлі репертуарды билеп үлгерген жандар.

Штутгарт балетінен келген жұп Мария Эйхвальд пен Фридеман Фогель осыған мысал бола алады. Олар осы кештің сәнін келтірді. Лозанна, Люксембург пен Торонтодағы халықаралық сайыстардың жеңімпазы, «2012 жылғы үздік биші» номинациясы бойынша Леонид Мясин атындағы Позитано сыйлығының иегері Фридеман Фогель Ла Скала, Мариин, Берлин театрлары мен Финн және Ағылшын ұлттық балеттерінің шақырылған әртісі қызметін атқарған. Мария Эйхвальд Штутгарт балетінің прима-балеринасы, Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің түлегі, 1994 жылдан бері Германияда тұрады. «Dance Open» халықаралық фестивалінің «Мисс Мәнерлілік» сыйлығының иегері. Бавария театры мен Куба ұлттық балетінің жетекші әртісі болған. Кәсіби тәжірибесі, шыңдалған шеберлік, әртістердің ғажайып техникасы концерт бағдарламасы барысында екі түрлі бейне шығарып, өз мүмкіндіктерін паш етуге жол ашты. Фридеман Фогельге «Манон» балетіндегі дуэтте 18 ғасырдағы француз дворянына ұқсауға тырыспаса да болар еді. Оның болмысы бойында бар.

Табиғи тектілік пен сахнадағы өзін ұстау мәнері жағынан оны бірден танисың, бұл –кавалер де Грие. Бұған ғажайып техникасы, аяқтарының мінсіз пропорциясын, ғашық бозбаланың ынтықтығы мен сезімталдығын қосыңыз. Осының бәрі нәзік Манон – Мария Эйхвальдтің көркем сымбатымен үндесіп жатты. Бұл балерина үшін уақыт тоқтап қалған тәрізді. Ол тек шеберлігі мен актерлік ойынын ұштап келеді. Дуэттің қысқа ғана уақыты ішінде, олар көрермен қауымды Макмилланның жүрек тебірентер спектакліне жетелеген тәрізді еді. Ал, екінші бөлімде мінсіз техникасын паш етіп, көрермен қауымды тағы бір тәнті етті. Изральдік хореографтың «Мона Лиза» спектаклінен үзінді көрсеткен олар, бишілердің мүмкінтіктері шексіз екенін және бір дәлелдеді. Форсайт мәнерінде күрделі би, хореограф Ицик Галилидің келбетін ашқандай. Сыншылар оны «уақыт пен кеңістіктегі тән архитекторы» деп бекер атамаса керек.

Концерттегі заманауи билер классикалық па-де-делермен алмасып жатты. Көрерменге де зейінін бөліп отыруға тура келді. Бұл оңай болған жоқ. Себебі, әр заманның уақыт ағысы әрқилы. Би техникасы мен жылдамдығы да бөлек. Дегенмен, академиялық классиканың үйлесімділігін көрермен жылы қабылдады. «Талисман» мен «Арлекинада» балеттеріндегі па-де-де сынды Петипаның шедеврлерін «Астана Операның» жетекші әртістері Мадина Басбаева мен Еркін Рахматуллаев жоғары дәреже орындап шықты.

Еркін Рахматуллаев Жел Құдайы партиясын орындап, сахнада самғады; «Астана Операның» примасы Мадина Бесбаева бейне бір шыны мүсін іспетті, қалықтап тұрды. Бір қарағанда Петипаның жеңіл көрінетін хореографиясының өте күрделі екенін осы салаға қатысы бар кісілердің бәрі біледі. Осы партияларды сырт көзге жеңіл, ойнақы орындағандырмен, осының артында қаншалықты ерен еңбек жатқанын кәсіби бишілер ғана біледі.

«Астана Балет» театры бұл концертте Рикардо Амарантенің "Love. Fear. Loss" және “A Fuego Lento” балеттерінің үзінділерін көрсетті. Астаналық көрермен мәнерлі балетті танып алған. Ал, театр өз гастрольдерінің арқасында әлемнің түрлі елдерінде көрермен көңілін баурап үлгерді. Махаббат, айырылу, үрей сынды сезімдер құштарлықтың баяу жалынында өртеніп, ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Бұл жолы да солай болды. Риза Қанатқызы үшін бұл премьера болатын – репертуарында ондаған рөлдер бар, «Астана Балет» театрының жетекші солисті бұл партияларды алғаш орындады. Фархад Буриев пен Риза Қанатқызының дуэті көз тартарлық болды. Олар шығармадағы махаббат сезімін сахнада әсем көрсете білді.

Партугалиялық бишілердің жұбы дәл осы махаббат сезімін, яки, ер мен әйел қарым-қатынасын мүлдем басқа қырынан көрсетті. Партугалия ұлттық балетінің солисттері Филиппа де Кастро мен Карлос Пинильос бұл фестивальде заманауи хореограф Мауро Бигонцеттидің екі қойылымын тарту етті - «Cantata” және “Passo Cantinuo». Екі қойылымда да ер мен әйел қарым-қатынасы зерттеліп, екеуі де contemporary техникасы бойынша орындалды.

Классикалық вариациялардың ізін ала сахнада көрсетілген заманауи би, көрермен қауымды да мүлдем басқа күйге бөлеп, бишілердің күш-қуатын сезінуге жол ашты. Өкінішке қарай, көрермен мен әртістер арасында рампа тұрып, бұл бөгет болған еді. Өйткені, Карлос Пинильостың биін сыншылар мінсіз техника мен көрермен қауыммен байланыс қосындысы ретінде бағалауы тегін емес. Ортада тұрған оркестр шұңқырына қарамастан, көрермен мен әртістер арасында байланыс орнағаны, қойылымнан кейін соғылған ду қол шапалақтаудан-ақ аңғарылды. Әртістерге ұзақ уақыт сахнада қошемет көрсетілді. Демек, заманауи өнерді көрерменнің түсінуі неғайбыл деп күмілжудің өзі артық. Ең бастысы, ұсынылған көркем туындының сапасы болса керек.

Сірә, осы себепті, әйгілі биші Иван Васильевтің балетмейстерлік тәжірибесі саналатын «Амадей» хореографиялық нөмірі көрермен тарапынан қолдау таба қоймады. Рококо мен кемеңгер композитор тақырыбына қалжың өз жемісін бермеді. Бәлкім, идея мен пластикалық тілдің бұлыңғыр болуынан шығар. Мүмкін, бір кездері ресей мен америка сахналарын дүрілдеткен әйгілі биші бұрынғы қалыбынан айырылған да болар. «Париж алауы» спектаклінен па-де-де орындағанда онысы көзге көрініп-ақ тұрды. Қайта Ресей Үлкен театрының солисті Анастасия Сташкевич жағдайды түзегендей болды. Дегенмен, бір кездері айдарынан жел ескен бишінің қазіргі күйі көрермен қауымның өкінішін тудырып отыр. Терпсихора әуелеген нәзіктігіне қарамастан, тік мінезді. Өз мамандығына ат үсті қарағанды көтере бермейді де, кешірмейді де...

Осы жұптың ізін ала шыққан Бақтияр Адамжан мен Майя Махатели, биіктен көрінді. Олар кештің басында «Эсмеральда» балетінен Диана мен Актеонның классикалық па-де-десін орындап шықты. Ал, соңында «Дон Тихот» балетінен па-де-де орындап көрерменді бір серпілтіп тастады. «Астана Опера» театрының жетекші солисті, Нью-Йорк, Стамбұл, Астанадағы Халықаралық сайытардың Гран-при иегері және Мәскеу мен Сеулдегі сайыстардағы бірінші сыйлықты қанжығалаған Бақтияр Адамжан әлі де сахнада өзін еркін сезініп, әр қимылын мінсіз орындағаннан өзі де ләззат алатын тәрізді.

Гала-концерттің көптеген жұлдыздары бұрынғы фестивальдар мен сайыстар арқылы таныс болған болса, Голландия Ұлттық балетінің прима-балеринасы Майя Махатели Астана үшін жаңа есім болды. Әйгілі прима Қазақстанда алғаш өнер көрсетті. Балеринаның мінсіз техникасы, қимылының көркемдігі, биікке секіруі әрі тартымдылық күші оынң биін есте қаларлықтай етті. «Дон Кихоттың» соңында отыз екі фуэтенің күрделендірілген екі еселенген айналыммен (кәсіби техниканың шыңы) орындағанда, балерина бір орнынан ауытқымай қадалып тұрды.

Бір сөзбен айтқанда, бұл нағыз жұлдыздар шеруі болды. Көңілі дархан көрермен де қошеметін аямады. Салтанатты кеш аяқталып, сахна шымылдығы жабылған соң да, көрермен қауым әр әртістің өзіне тән ерекшілігін талқылып, ұзақ уақыт тарқаспай тұрды.

«Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында »ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған және Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған «Eurasian Dance Festival» ІІ Халықаралық балет өнерінің фестивалі аяқталғанымен, көңілімізде болашақта осы өнер саңлақтарымен тағы да жүздесу мүмкіндігі бар деген тәтті үміт сайрап қалды.

Фестиваль аяқталды. Жасасын фестиваль!