24-ақпанда «Астана Балет» театрында қала мектептері мен лицейлерінің 1-11 сынып оқушыларына арналған «Сырлы сахна» экскурсиялар топтамасының алғашқысы өтті. Аталған ағартушылық жоба 2020-2025 жылдарға арналған білім беру және ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасының «Балалар және театр» бастамасының аясында жүзеге асырылып отыр.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімшілігімен бірлесе ұйымдастырылып отырған жоба барысында, астаналық оқушылар театр жайлы, оның ішкі құрылымы мен сахна шымылдығының құпиялары, сахна қызметі мен шығармашылық топ жайлы сыр шертетін танымдық экскурсияларға қатысып, әлемдік және қазақстандық балеттің пайда болуы мен дамуы жайлы дәрісті тыңдай алады. Бұдан бөлек, оқушылар көрермен көзінен таса грим және репетиция бөлмелерін көре алады. Экскурсияны «Астана Балет» театрының жетекші солисті, өнертану ғылымдарының магистрі, «Халық алғысы» және «Ерен еңбегі үшін» құрмет медальдерінің иегері Дилара Шомаева жүргізеді.
«Сырлы сахна» жобасын қолға алғанымызға бірнеше жыл болды. Театрдағы экскурсияға ересектер мен балалар қатысып, театр әлемімен танысып, дәрістерді тыңдайды. Біз мәліметтерді жеңіл әрі қызықты түрде жеткіземіз. Меніңше, бұл мектеп жасынан өнерге деген құштарлықты оятудың, балалардың эстетикалық танымын қалыптастырудың, олардың ой-өрісін, таным көкжиегін кеңейтудің жолы», - дейді жоба жүргізушісі Дилара Шомаева.
Айта кетер тағы бір маңызды жәйт, іс-шара барысында санитарлық нормалар толық сақталады: бетперде кию, қолды арнайы сұйықтықпен жуу, сонымен бірге, көрермен залына отырғызған кезде әлеуметтік ара-қашықтықты ескеру.