21/03/2023

«Астана Балет» театрында «Сан қырлы балет әлемі» атты көрме ашылады

25-наурызда сағат 17:00 «Астана Балет» театрында «Сан қырлы балет әлемі» көрмесі ашылып, хореограф Айгүл Тәти мен «Астана Балет» театрының әртістерінің қатысуымен public talk өтеді.

Сан қырлы балет әлемі. Мәдениеттің осы бір бөлшегін суретке түсіріп, мәңгілікке аманат ететін балет фотографиясы – өнердің бірегей жанры. Көрмедегі фотосуреттер әрбір әртістің дербес болмысы мен фотосуретшінің шеберлігін біріктіріп тұрғандай. Өнерге татитын фотосурет, шын мәнінде, нағыз ғажайып іспетті: біртұтас бейнені дүниеге әкелетін әр кадрдан бишінің харизмасын, балет бишісінің эстетикасын тани аламыз.

Фотосуреттердің кейіпкерлері – «Астана Балет» театрының әртістері. Фотосуреттер динамикаға бай: әртістердің келбеті, нақты өлшемдердің сыртында тұтас бір оқиға жатқаны көрініп тұр. Сондықтан, кілт тоқтап, көңіл бөліп, әр детальді мұқият зерделеуге тырысасыз. Фотокөрмеде балет фотографы Дарьян Волкованың суреттері ұсынылған.

Көрме экспозициясы ұлттық киімнің сан-алуан әрі бай әлемін паш етеді. Киімнен қазақ халқының дәстүрін, өмір салты мен эстетикалық ұстанымын тануға болады. Қазақ ұлттық киімі – түрлі дәуір мен түрлі буынның дәстүрі астасып жатқан қарапайым киім ғана емес, тұтас бір өнер түрі.

Костюмдердің авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мүслім Жұмағалиев. Суретші 10 жылдан астам уақыт «Астана Балет» театрымен шығармашылық байланысын үзбей, өзіндік ерекшелігі бар, әдемі, келісті костюмдерді жасап шығаруда.
Суретші Мүслім Жұмағалиев пен хореограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәтидің шығармашылық ынтымағының нәтижесінде бай мұрамыз бейнелі түрде сахнаға шығарылып, ұлттық костюм, көркем қимыл мен пластика арқылы бағзы дәуреніміз жаңғырады.   

25-наурызда, сағат 18:00 «Астана Балет» сахнасында өтетін «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасында фотокөрмедегі көркем бейнелерге жан бітеді. Наурыз мейрамына орайластырылған іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Осы бірегей би миниатюраларының топтамасында этнография мен заманауи хореография үйлесім тауып, дегенмен, ұлттық бидің өрнегі мейлінше сақталған. Хореографиялық туындылар көшпелі ел дүниетанымының сан қырлы фәлсафасын паш етеді. Эстетика, терең мазмұны мен қайталанбас көркем бейнелері дүниежүзіндегі көрерменнің көкейінде сақталып, жүрегінің төрінен орын алды.