08/10/2019

«Астана Балетте» міндетті түрде тамашалау керек

«Астана Балет» театрының әртістері астаналық көрерменге арнайы бағдарлама даярлап, оны қазанның он екісі күні көрсетпекші. Заманауи хореография ғаламатын сезінгіңіз келсе, «Бір актілі балеттер кешіне» барғаныңыз абзал.

Бірінші бөлімде көрермен назарына хореограф Мукарам Авахридің - «Саломея» балеті ұсынылады. Әйгілі библиялық әпсананың жаға ұстатар интерпретациясы «Астана Балет» Театрының бас балетмейстерінің туындысына негіз болды. Театр гастрольдік сапармен лондондық Ковент-Гарденде өнер көрсеткенде, бұл қойылым көрермен қошеметіне бөленіп, британдық баспасөзді таңырқатты. Балет туралы жазатын британдық ірі портал «Seeing Dance» былай жазған:

«Бұл туынды кез-келген халықаралық сахнада қойылуға лайық. Түрік композиторы Фазыл Сайдың партитурасы көрерменді қойылым соңына дейін үйіріп әкетіп, қанды финалға жетелеп апарады».

Сезімтал Саломеяның рөлін «Астана Балет» театрының жетекші солисті  Дарина Қайрашева сомдайды. Лондондадағы гастрольдік сапарда ол бұл партияны алғаш орындаған болатын.

Екінші бөлімде америкалық хореограф Уильям Форсайттың - «In the middle, Somewhat Elevated» атты әйгілі туындысы көрсетіледі. Бұл ғажайып қойылымда бәрі бар: қатаң музыка, адам тәні емес, механикалық бұлшық етке арналғандай хореография, үздіксіз қимыл.

«Астана Балет» Орталық Азияда Уильям Форсайтпен бірлесе отырып, оның стилі мен техникасына сәйкес келетін қойылымдар қойған алғашқы театр.

Кештік басталуы: 12 қазан, сағат 18:00.