17/09/2021

«Астана Балет» театрының 9-маусымының ашылуы» тақырыбында өткен баспасөз-мәслихаты туралы

2021 жылғы 17-қыркүйекте, сағат 11:00 Орталық коммуникациялар қызметінің Баспасөз-орталығында «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов, көркемдік жетекші Нұрлан Канетов, бас балетмейстер Мукарам Авахри және балет әртісі Айдан Қалжанның қатысуымен, «Астана Балет» театрының 9-маусымының ашылуы» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өтті.

Баспасөз-мәслихаты барысында жаңа маусымдағы жоспарлар сөз болды. «Астана Балет» театрының ұжымы алдағы премьералардың аңдатпасын жасады: «Тағдыр бұлтарыстары» («Арканы судьбы») Мукарам Авахри, Джордж Баланчин қорының қолдауымен «Лағыл» («Рубины»), сонымен қатар, Dior сән үйімен бірлесе отырып, хореограф Ксения Зверева қоятын заманауи спектакль. Мұнда балет, опера, музыка, драма театры мен сән саласының жанрлары үйлесім табады.

Гастрольдік бағдарламалар аясында Театр түркі әлемінің рухани һәм мәдени орталығы, киелі Түркістанға сапар шегетіні белгілі болды. 25-26 қыркүйекте Конгресс Холл сахнасында астаналық ұжым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің интерпретациясындағы «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисментін паш етеді. Бұл концерттік бағдарлама Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрсетіліп, көрермен қауымның зор қошеметіне бөленген. Ал, 27-30 қазанда Театр БАӘ сапарлап, Дубай опера сахнасында екі ауқымды балет – Ариф Меликовтың музыкасына Юрий Григорович қойған «Махаббат туралы аңыз» және Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» спектаклін көрсетеді. Сонымен қатар, 28, 29 және 30 қазанда «Астана Балет» сахнасында Кіші Броннаядағы Театрдың (Театр на Малой Бронной) «Леонид Ильич Брежневке қарсы Жарқанат адам» спектаклін тамашалауға болады. Спектакль сюжеті КСРО-да тоқырау кезеңінде өмір сүрген кеңес азаматы болса, Жарқанат адам не істер еді деген тақырыптағы фантазияға құралған.

Тоғызыншы театр маусымында көрермен қауым мазмұнды бағдарламаны тамашалай алады. Яғни, театр репертуарындағы үздік қойылымдармен қатар, премьералық спектакльдер көрсетіледі.