Қыркүйек айында «Астана Балет» театрының жаңа маусымы басталмақ. Астаналық ұжымның тарту етер бағдарламасы өте мазмұнды. Жаңа маусымда көрермен көзайымына айналған қойылымдармен қатар, премьералық спектакльдер де ұсынылады. Іс-шаралардың бәрі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
9-10 қыркүйекте сағат 19:30 екі көріністі «Бейбарыс сұлтан» балеті көрсетіледі. Сирия мен Мысыр билеушісінің өмір жолын суреттейтін спектакльдің авторы – театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри. Мәмлүк сарбазынан құдіретті билеушіге айналған адамның тағдыр талайы сахна кеңістігінде өрбиді. Хореографтың айтуынша, туындыда негізінен бас кейіпкердің сезімі мен ішкі толғанысына мән беріліп, балалық шағы, отбасы, анасы мен киелі Отаны – қыпшақ даласы жайлы естеліктері спектакль өзегіне айналған.
Ғаламат көпшілік сахналар мен әсем костюмдер спектакльдің тарихи туындыға тән сипатын ашып, көрермен қауымды шығыстың сырлы атмосферасына елітеді. Тарихи тақырыпқа балет қою идеясын Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ қолдауымен «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» жүзеге асырды.
17-қыркүйекте сағат 19:30 көрермен назарына Ариф Меликовтың музыкасына қазіргі заманның әйгілі хореографы Юрий Григорович қойған «Махаббат туралы аңыз» балеті көрсетіледі. Шығыс болмысы, терең фәлсафалық мән, драмалық махаббат үшбұрышы, кемел хореография мен әсерлі көпшілік сахналар көрермен көңілін баурап әкетеді.
Шығыс әпсанасына құралған спектакль сюжеті қарапайым да әсерлі. Екі әпкелі-сіңілілі Мехмене Бану мен Шырын сарай суретшісі Фархатқа ғашық болып қалады. Бозбаланың жүрегі Шырын деп соғады, ал, Мехмене Бану ханшайым үшін сезім атаулы жат: ол сіңілісінің өмірін сақтап қалу үшін өзінің сұлулығын тәрк еткен-тін. Сарайдан қашып шыққан ғашықтар талай сынақтан өтіп, ақыры Фархат халқын аман алып қалу үшін махаббатынан бас тартады.
«Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті 16-қазанда көрсетіледі. Қазақстандық балетмейстерлердің ұлттық хореографияның үздік үлгілерінен құралған концерттік бағдарламада этнографиялық элементтер мен заманауи хореографиялық шешімдер, жарқын бейнелер мен қызықты драматургия үйлесім тапқан.
Тағы айта кетерлігі, Dior француз сән үйінің қатысуымен Ксения Звереваның қойылымындағы балетінің премьерасы да осы маусымда тарту етілмек. Бұл туындыда сән әлемінің әйгілі өкілі Кристиан Диордың өмір жолы суреттеледі. Арман, құштарлық пен батылдық, шығармашылық пен тағдыр мәселесі суреттелетін туындыда сонымен қатар көрініс табады.
Барлық іс-шаралар барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып өткізіледі. Яғни, көрермен залы 30% толтырылып, міндетті түрде бетперде тағылып, ара-қашықтық сақталады.