04/05/2019

Көктемнің бас премьерасын жіберіп алмаңыз!

Би мен музыка, музыка мен би – мамырдың 11-12 күндері «Астана Балет» сахнасында қайсысы басымдыққа ие боларын, көрермен шешеді. Осы кеште «Өткенге саяхат» және «Қиялға бойлау» бір актілі спектакльдері көрсетілмекші.

Хореограф Раймондо Ребек («Өткенге саяхат» спектаклінің авторы) өткен шақ пен осы шақ жайлы ой-толғамдарында он тоғызыншы ғасырдағы Фридерик Шопеннің романтикалық сарынын қазіргі заманның композиторлары Эцио Боссо, Филипп Гласс пен Фазыл Сай туындыларымен үйлестіре алды. Шынайы және қиял әлемі, дүниетанымы мен стилі әрқилы музыка бір арнаға тоғысып, осы екі кеште балет сахнасында өркен жаяды.

Балетке музыка қажет. Бишінің мың бұралған денесі көркемдік құралға айналады. Чайковский мен Прокофьев сынды композиторлар балетке арнап музыка жазған. Уақыт өте хореографтар ұлы туындыларды ой елегінен өткізіп, оның бейнелік көрінісін спектакльдеріне арқау етті.

Екі ғасыр бұрын балет реформаторы, француз Жан Жорж Новер былай жазған болатын: «Жақсы жазылған музыка сөйлеу керек, бейнелеу керек. Әуенді бейнелеген би, музыканың әуезін қайталаған жаңғырық». Оркестр ішекті аспаптарды ойнатып еді, аяғының ұшына тұрған балерина бойын кернеген үрейді білдірді. Флейта дыбысы шығып еді, кейіпкердің күмәні сейіліп, ол жеңіл ғана қимылдарымен қуаныш сезімін танытты.

Рикардо Амарантенің «Қиялға бойлау» спектакліне тоқталар болсақ, хореограф бұл туындысын Сергей Рахманиновтың дарынына, оның тағдыры мен ғаламат музыкасына құрметін білдіру үшін шығарған. Спектакль преьмерасы 2017 жылы өткен. «Фортепиано мен оркестрге арналған №2 концерт» тәніңізді кернеген үрейден арылып, теріс түсінік пен уайымнан бойыңызды алшақ ұстап, ішкі қуатыңыз пен парасатыңызды оятқан шақта ғана саф алтындай биік өнер туындысын шығару мүмкін екенін тағы бір айғақтайды. Композитормен тап осылай болған-тын.