20/01/2021

«Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі тағайындалды

«Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі қызметіне Ресей мен Татарстанның еңбек сіңірген әртісі, ҚазҰХА хореография факультетінің бұрынғы деканы Нұрлан Канетов тағайындалды.

Шығармашылық қызметін Нұрлан Канетов Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының (Алматы) труппасында бастап, мұнда 1996 жылға дейін жұмыс істейді. 1996 жылы Нұрлан Канетов Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жетекші солисті қызметіне ауысады. 2006 жылы оған «Қазіргі мәдениет диалогы жағдайында ұлттық эпос дәстүрін дамытқаны үшін» Ресей Федерациясының әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы табысталды. Нұрлан Канетов Қазан бишілерінің арасында Ресей Мемлекеттік сыйлығына ие болған алғашқы әрі жалғыз адам. Н.Канетов талантын мойындаудың тағы бір белгісі, ол Ресей театр сыйлығымен марапатталған – «Балет» журналы атынан «Жас жұлдыз» номинациясы бойынша «Би жаны» сыйлығы (2003).

2018 жылы Нұрлан Канетов биші қызметін аяқтады. Жиырма жылдан астам уақыт Канетов Қазан балетінің «келбеті» болып, лирикалық, романтикалық амплуадағы рөлдерді сомдаған. Ол классикалық мұраның алтын қорына жататын спектакльдерде жетекші партияларды орындаған. 2018 жылы Нұрлан Канетов Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясы хореография факультетінің деканы болып тағайындалды.

«Астана Балет» театрының ұжымы Нұрлан Ысмағұлұлын көркемдік жетекші қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жаңа қызметте шығармашылық табыстар тілейді!