16/09/2021

Түркілердің рухани астанасында «Ұлы Дала мұрасы» салтанат құрады

25-26 қыркүйекте «Астана Балет» театры түркі әлемінің рухани һәм мәдени орталығы – көне қала Түркістанға гастрольдік сапармен барады. Конгресс Холл сахнасында астаналық ұжым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің авторлық интерпретациясындағы «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисментін паш етеді. Бұл бағдарлама Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрсетіліп, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленген болатын. Іс-шаралар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіледі.

Классикалық мұра мен заманауи балет өнерінің орасан үлгілеріне сүйене отырып, «Астана Балет» халық биін дамыта түсіп, үлкен сахнаға шығарып, еліміздің даңқын асқақтатып келеді. Театрымызды әйгілеп тұрған «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы түрлі стильде қойылған әсем хореографиялық миниатюралардың жиынтығы іспетті. Бәріне ортақ тақырып – Ұлы Даламызда орын алған түрлі оқиғаларды би тілімен баяндау.

«Қазақ халқының ұлттық биінің дәстүрі бай. Мұнда біз халқымыздың талай ғасырдан бері жалғасып жатқан көркемдік ұстанымдарын, дүниетанымын тани аламыз. Театрымызда біз осы күнге дейін сақталып келген бай мұрамызға сүйене отырып, сонымен бірге, ұлттық пластика тілін байыта түсудің тың жолдарын да іздестіруге күш салып келеміз. Менің бір байқағаным, қай биді орындасақ та, адамның тәні әлдебір ұлттық кодты сақтап тұратын қасиетке ие. Мұны сөзбен айтып жеткізу, түсіндіру мүмкін емес. Бұл табиғи түрде көрініс табатын дүние. Соның арқасында кез-келген қарапайым қимылдың өзіндік, бірегей сипаты көрініп тұрады», - деген ойымен бөлісті Айгүл Тәти.

Бірегей концерттік бағдарлама қазақ халқының болмыс-бітімін паш етеді. Мың бұралған бишілердің қимылы көздің жауын алады. Музыкалық сүйемелдеу ретінде ұлттық аспаптардың заманауи аранжировкасы алынған. Эстетика, ғаламат көріністер, қайталанбас көркем бейнелер мен терең мазмұны көрермен қауымды бей-жай қалдырмай, көңілін жадыратады. Бишілердің әр қимылы әсем. Осы би қойылымдары арқылы халқымыздың сан ғасырлық тарихына көз жүгіртесің. Аталған концерттік бағдарлама заманауи ұлттық балеттің жарқын көрінісі. Мұнда этнографиялық материал мен балетмейстерлердің батыл шешімдері үйлесім тапқан.

«Түркі әлемінің рухани астанасына гастрольдік сапарымыз Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп отырғанына көңіл аударғым келеді. Көрермен қауым – Ұлы Даланың асыл мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу жолындағы қадамымызға оң бағасын берер деген сенімдеміз», - деп атап өтті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.