«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасына соңғы жылдары сахналанған, ұлттық бояуы қанық, өрнегі айқын балет үзінділері мен хореографиялық миниатюралар енген. Концерттегі билердің бірқатарын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти қойған: «Ақ қыз» (Еділ Құсайыновтың өңдеуіндегі қазақ халық музыкасы), «Ғажайып табиғат» («HASSAK» этно-фольклорлық тобының музыкалық композициясы), «Балбырауын» (Құрманғазының күйі), «Қыз сағынышы» (Құралай Қанапинаның өңдеуіндегі Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың музыкасы), «Әсем қоңыр» (Дина Нұрпейісованың күйі), «Тәңір сыйы – Ақ жол» («HASSAK» этно-фольклорлық тобының музыкасы) және т.б. Тараз қаласының бас сахнасында Тәттімбеттің күйіне Айгүл Тәти қойған «Сарыжайлау» хореографиялық миниатюрасының премьерасы өтеді. «Сарыжайлау» күйінде Ұлы даланың көне әрі терең даналығы жасырылғандай. Ұлан-байтақ даламыздың сұлулығы суреттелген осы күйге лирикалық сарын тән. «Астана Балет» әртістері «Баласағұн» орталық концерт залында Ұлы Дала поэмасын би өрнегімен өріп, халқымыздың тіршілік нәріне айналған даланың әсем әрі көркем табиғатын суреттейді.
«Ұла Дала мұрасы» бағдарламасы заманауи хореография өнерін дамытып, қазақ халқының би дәстүріне сүйенген туындыларын жарыққа шығару бойынша Театрдың жүйелі әрі жоспарлы жұмысының жемісі. Театрдың хореографиялық миниатюралары мен балеттерінде классикалық би сарқылмас халық шығармашылығынан нәр алады. «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы халық биінің өрнегінде сақталған пластикалық әсемдік идеалдары, руханият бастауына сүйенген. Халық биіне ерекше құрметпен қатар, шығармашылық ұжым репертуарына үздік классикалық туындыларынды да қосады. Соның ішінде, «Щелкунчик», «Жизель», сонымен бірге, неоклассика және модерн стиліндегі балеттер. Осындай балеттердің қатарында Дж.Баланчин, У.Форсайт, И.Килиан, Ю.Григорович және т.б. хореографтардың туындылары бар.
Тараз көрерменіне тарту етілетін «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасында енген хореографиялық миниатюралар халқымыздың бай дәстүрін көрсетіп, сан қырлы, эмоционалды күш-қуатымен ерекшеленеді. Әсем әуен, қайталанбас көркем бейнелер, сан түрлі пластикалық қимылдар мен сахна кеңістігіндегі суретінің арқасында әр би көрермен көңілінен шығып, жүрегінен орын алады. «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті қазіргі заманғы ұлттық балетті жарқын, қарқынды дамып жатқан бірегей құбылыс ретінде тануға мұрша береді. Бұл бағдарлама шығармашылық ұжымды даралап тұрған дүниеге айналды.