4-желтоқсанда даниялық жазушы Ганс Христиан Андерсеннің осы аттас ертегісінің желісімен қойылған, төрт мәрте тұсаукесер көрсетілімі өтетін «Қар патшайымы» спектаклінің алғашқы премьерасы өтті. «Астана Балет» театрының ұжымы дайындаған қысқы тарту көрермен көңілінен шыққанға ұқсайды. Қойылым соңында әртістерге көрсетілген қошемет пен премьераны қызу талқылаған көрермен қауымның ыстық ықыласынан осыдан таныдық.
«Нағыз жаңа жылдық феерия. Ғажап декорациялар мен әсем костюмдер, әртістердің мінсіз шеберлігі, құлақ құрышын қандырар музыка. Көрермен қауым да ыстық ықыласын білдіріп жатты. Қызықты режиссерлік әрі көркемдік шешімдері бар осындай жаңа жылдық ертегі отандық хореография қоржынына қосылғанына қуаныштымыз», – деп атап өтті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
«Қар патшайымы» спектаклін қою үшін келесі мамандар шақырылды: ресейлік және шет елдік сахналарда туындылары жиі қойылатын әйгілі хореограф Георгий Ковтун, композитор Радик Салимов, костюм суретшісі әрі суретші-сценограф Злата Цирценс, жарық суретшісі Алексей Марков.
Көпшілік сахналар, түрлі би лексикасының қосындысы, қозғалатын әрі қойылым барысында түрлі мағыналық мәнге ие болатын қатты декорациялар мен бутафория – осының бәрі жаңа спектакльде көрініс тапқан. «Астана Балет» театрының цехтарында қызметкерлер бірнеше ай бойы еңбек етіп, сахнаның сәнін келтірген костюм мен декорациялардың эскиздерін іс жүзінде жасап шығарды.
«Біз отбасымен бірге көретін қазіргі заманғы спектакль шығаруға күш салдық. Оның техникалық жабдығы ересектерге арналған туындылардан кем түспейді. Көрерменнің зор қошеметіне қарағанда, ойымыз жүзеге асқан тәрізді. Балалар да, ересектер де сахнадан көз алмай, демін ішіне тартып, қарап отырды», – дейді Злата Цирценс.
Элмар Бөрібаевтың басқаруындағы симфониялық оркестр ғажайып музыкамен спектакльді сүйемелдеп отырды.
«Көпшілікке мәлім осы ертегі мың мәрте түрлі интерпретациямен өнердің әр саласында көрініс тапқанын білеміз. Ал, біздің сахнада музыкалық театр түріндегі хореографиялық интерпретациясы жүзеге асқаны қуантады. Осы ғажайып спектакль көрерменнің жас шамасына қарамай, бәріне ұнайтынына сенімдімін. Себебі, мұнда көркем әрі баршаға түсінікті кейіпкерлер, сәнді костюмдер мен әсем декорациялар, таңғажайып атмосфера бар. Бұл балетке балаларды жастайынан ертіп келіп, ғажайып өнер әлеміне елітіп әкетуге болады», – дәді Элмар Бөрібаев.
Алғашқы күні басты партияларды «Астана Балет» театрының әртістері орындап шықты: Қар патшайымы – Риза Қанатқызы, Герда – Назерке Аймұхаметова, Кай – Сүндет Сұлтанов, ертегі айтушы – Уэсли Карвальо. Бұл қойылымға, сонымен қатар, Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары да қатысты.
Алда тағы да үш премьералық көрсетілім өтеді. 9, 10, 11 желтоқсанда әртістердің басқа құрамы өнер көрсетіп, демек, спектакль өрнегі де өзгеше өріледі. Ал, осы қойылымның премьерасына билет ала алмай қалған көрермен қауым үшін, «Астана Балет» театры бұл қойылымды 6, 7, 8 қаңтарда қайта көрсететін болады.
Премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асты.