16/11/2021

«Раушан гүлі мен көбелектің романы» спектаклінің әлемдік премьерасы

Қазақ ұлттық хореография академиясы «Temps lié» II кәсіби хореографиялық оқу орындарының халықаралық фестивалін көрнекті балетмейстер Мариус Петипаның «кішкентай жауһар» деп аталып кеткен спектаклімен ашты. Белгілі хореограф Василий Медведевтің редакциясында Рикардо Дригоның музыкасына жазылған «Раушан гүлі мен көбелектің романы» бірегей балетінің әлемдік премьерасы 15 қарашада «Астана Балет» театрының сахнасында өтті.

Премьераға билеттер санаулы күндерде сатылып кетті, ал премьерадан кейін әртістердің өнеріне риза болған көрермендер ду қол шапалақтап, жас балет әртістерін сахнадан ұзақ жібермеді.

«Алғаш рет Сіздердің назарларыңызға ұсынылған «Раушан гүлі мен көбелектің романы» балетінің бірегейлігі – М. Петипаның осы соңғы туындысы үлкен театрлар сахнасында қойылмаған, бірақ ол туралы естелік сақталған. Міне, ғасырдан астам уақыт өткен соң көптеген талантты адамдардың күш-жігерінің арқасында біз осы спектакльді қайта жаңғыртып, көрермен қауымға сыйға тарттық» - деп атап өтті Хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова.

Балет либреттосын хореограф Василий Медведев пен Яна Темиз - Иван Всеволожскийдің түпнұсқалық либреттосы негізінде қайта жасаған. Балет хореографиясы іс жүзінде жоғалып кетті және оны көрнекті хореограф Василий Медведев Қазақстанда қою үшін қайта жасады. Оркестр партитурасының авторы музыкант әрі музыкалық өңдеуші Дәулет Шәкіров. Балетке арналған костюмдерді Император театрларының директоры Иван Всеволожскийдің эскиздері негізінде суретші Наталья Протасова жасаған; сценография авторы Жандос Омаров.

«Бұл балетте мен классикалық бидің барлық түрлерін көрсетуге тырыстым: үлкен ансамбльдер, па-де-сиз, па-де-катр, па-де-труа, адажио, вариациялар. Мен балеттің әдемі, серпінді және заманауи болып шығуын қаладым. Петипаның да жүз жылдан астам уақыт бұрын жасалған кез-келген балетті қоюы да екіталай еді: өнер дамып келеді, бұл жанды және үздіксіз процесс» - деп қоюшы-хореограф Василий Медведев өз пікірімен бөлісті.

Әртістермен қоюшы-хореографтың ассистенті Станислав Фечо үлкен жұмыс жүргізді, оның айтуынша "...ұмытылған балеттерді қалпына келтіру –хореограф үшін бірегей тәжірибе. «Раушан гүлінің романы» - бұл ұлы хореографтың шығармашылық мұрасын сақтаудың, оны неоклассикалық рухта қайта ойластырудың үлгісі және, әрине, әлемдік балет өнерінің дамуына қосқан үлес. Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушыларымен – талантты жас орындаушылармен жұмыс – қандай да бір мағынада ескілік пен жастық шақтың – балет өнерінің өткені мен болашағының символдық үйлесімі».

Балетке Қазақ ұлттық хореография академиясының ұстаздары мен тәрбиеленушілері қатысты. Спектакльдегі басты партияларды Шахманова Камила, Хван Амир, Кисембаева Амина, Айдарова Лимара және Зырянова Алина орындады. Эмоциялық әсерге толы тамаша орындау техникасы жас балет әртістеріне сахнада жарқын, ұмытылмас бейнелер жасауға мүмкіндік берді. 

Премьера Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті!