10/12/2024

Қос жүректің әуені

«Астана Балет» театрының сахнасында «Желтоқсан жаңбыры» балетінің премьерасы өтті. Спектакль ХІХ ғасырдағы ең романтикалық әрі қасіретке толы махаббат жайлы баяндайды. Жорж Санд пен Фредерик Шопен арасындағы байланыс осы күнге дейін көпшіліктің назарында. Жаңа қойылым кездесу мен айырылысу, отбасындағы күрделі қарым-қатынас пен махаббат арпалысы, әдемі бірақ қасіретті махаббат жайлы сюжетімен ғана емес, сонымен қатар ерекше хореографиялық тілімен, есте қаларлық, символдық сценографиямен және сахна мен көрермен залын толтырған Шопен музыкасымен есте қалды.

        «Желтоқсан жаңбыры» балетін хореограф әрі сценограф Кристина Паулин (Германия) сахналады. Бұл оның «Астана Балет» театрындағы алғашқы жұмысы емес, көрермен оның «Орфей мен Эвридика» қойылымын да тамашалаған. Тағы да драмбалет және тағы да махаббат хикаясы, орны толмас шығындарға, үмітсіздіктерге, азапқа толы, бірақ сонымен бірге ұлы поляк композиторының музыкасы сияқты жарқын әрі асқақ. Санд пен Шопеннің қарым-қатынасы шамамен 10 жыл жалғасты. Кездесу сәтінен бастап қарым-қатынастың бұзылуына дейінгі осы ұзақ кезең екі актілі балетте көрініс тапты.  Балет нақты оқиғаларға негізделген, Кристина Паулин Шопен өнер көрсеткен Париждің салондарын және бір қарағанда Майоркада немесе Ноанда өткен тыныш өмір салтын көрсетеді. Алайда, шын мәнінде бұл кезеңнің өзі ынтық сезімге, отбасылық құпиялар мен жанжалдарға толы.  Хореограф – Шопен мен Сандтың психологиялық иірімдері туралы күрделі балет қойды. Композиторға тыныштық, сүйіспеншілік пен қамқорлық қажет. Санд оның, қызғаншақ ұлы мен Шопенге көңілі ауған қызының арасында шарқ ұрады.  Жазушы мен композитордың қарым-қатынасын суреттей отырып, Кристина Паулин театр труппасының басым бөлігін жұмылдырып, сахнада кеңейтілген ансамбльдерді, дуэттер мен кейіпкерлердің жеке вариацияларын көрсете алды. Спектакльдегі Санд пен Шопен партияларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Тен мен Уэсли Карвальо, сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Әбілғазина мен Сүндет Сұлтанов орындады. Басты кейіпкерлердің портреттері динамика мен деректі дәлдікпен жазылған. Балетте Сандтың балалары – ұлы Морис пен қызы Соланждан бөлек кейіпкерлер де бар. Шопеннің әпкесі Людовика, Ференцц Лист, жазушының альтер-эгосы, композитордың жаны, сондай-ақ, оның үрейі, сырқаты мен музыкасын сипаттайтын бейнелер.

        Шопен музыкасы – әртістер секілді спектакльдің толыққанды кейіпкері. Ол Эстониядан келген Маркус Реймааның орындауында шырқалды. Пианист сүйемелдеуші ғана емес, ол спектакльге белсенді қатысады.  Шопеннің әйгілі шығармалары оның шебер орындауында әуелеп, Фредерик Шопеннің ғаламат сезімі мен биік талғамын толық жеткізді. Шопеннің талғампаз музыкасының арқасында екі данышпанның махаббат хикаясы қарапайым отбасылық сынақтар туралы қарабайыр әңгіме немесе шығармашылық адамдарына тән жан арпалысын ғана суреттемей, ұзап бара жатқан бақыт, жүзеге аспаған арман, дыбыстар мен сезімдерге толы үлкен, таң қалдыратын әлем туралы, балетті қоюшыларды қызықтырған және көрермен қауымды да әлі талай мәрте қалдырып, баурап әкететін әлем туралы баяндайды.