Халықаралық әйелдер күніне орай, «Астана Балет» театрының шақырылған хореографы Рикардо Амарантенің нәзік жандыларға арнаған тартуы бар. Наурыздың тоғызы күні өтетін «Пәк сезім» атты бағдарламасы бразилиялық хореографтың үздік жұмыстарынан құралған. Осы туындыларды тамашалаған әйел затының бойында нәзік әрі романтикалық сезімнен бастап, ойнақылық пен құштарлығын қоздырар көңіл-күйі толқиды.
Хореографтың өзі айтпақшы, бұл ұмытылмас кеш болып ғана қоймай, астаналық көрерменнің махаббат пен екеуара қарым-қатынас турасындағы пікірін өзгерпек.
«Махаббат сезімі әрқилы: құштарлық пен тамсану, табандылық, нәзіктік әрі жылулық сезімдерінің жиынтығы бұл. Оны түсіну немесе ұстап көру мүмкін емес. Алайда, оны жүрегіңізге қондырып, бойыңыздағы ішкі әрі сыртқы өзгерістерге тәнті болуға болады. Сосын, махаббат жайлы айтсақ, ең әуелі нәзік жандыларды сөз еткеніміз жөн. Себебі, бұл олардың бойына туа біткен қасиет. Әйел заты болмаса, ерлер бұл сезімнен мақұрым болар еді. Менің балеттерім тап осы жайлы», деген ойымен бөлісті, Рикардо Амаранте.
Кеш бағдарламасына екі нәзік әрі сезімге бай қойылым еніп отыр: «A Fuego Lento» (Баяу жалын) және «Love Fear Loss» (Махаббат. Айырылу. Үрей). Әу баста, бұл спектакльдер Фландрия Корольдік балетіне арнап шығарылған, ал, енді, «Астана Балет» театрының репертуарынан орын алды. Астаналық театр сахнасында осы екі туындының премьерасы 2016 жылдың соңында өтіп, заманауи хореографияны ұнатушылардың қошеметіне бөленген-тұғын.
«A Fuego Lento» қойылымында хореограф адам баласының махаббат пен құштарлық сезіміне алғаш еліткен тұста, бойын кернеген жалын жайлы баяндайды. Рикардо Амарантенің айтуынша, осы балеттің әр сахнасы сезімтал танго ырғағына тербелген эмоциялық қуатты сипаттайды.
Хореографтың екінші туындысы да, алдыңғысынан еш кем түспейді. «Love Fear Loss» француз әншісі Эдит Пиафтың қасіретті тағдырын суреттейді. Ол махаббат сезіміне шомып үлгірмей жатып, сүйіктісінен қапияда айырылып қалған болатын.
Рикардо Амарантенің өзі айтпақшы, «Пәк сезім» бағдарламасының басты тартуы – австриялық композитор Франц Шуберттің №14 Ішекті аспаптар квартеті, ре минор «Ажал мен ару» атты музыкасына қойылған «Silent Voices» («Ұяң дауыстар») атты тың неоклассикалық қойылым.
«Пластика тілінің құдіретімен өз басым, адам баласының ішіндегі дауыстар жайлы баяндағым келді. Орындаушылардың келбеті мен тәнінің көркем мүмкіндіктерін қолдана отырып, біз, адамзаттың көзге ілінбес сұхбаттастары жайлы айтып беруге тырыстық. Сол арқылы адамның ішкі күйін, бойын билеген үрей мен қорқыныш, үміт пен күмән сезімін жеткізбекші болдық», - дейді, хореограф.
Осы бағдарламаға қосымша, Арманд Амардың музыкасына қойылған «Әлем» спектаклінің үзіндісі көрсетілмекші. Ресейлік хореограф Никита Дмитриевский қойған бұл спектакль «Астана Балет» театрының сахнасында 2014 жылы көрсетілді.
Театрдың баспасөз қызметі хабарлағандай, 20-наурызда тағы бір мерекелік бағдарлама ұсынылмақ. Наурыз мейрамына орайластырылған бұл бағдарлама – «Ұлы Дала мұрасы» деп аталады. Оған «Астана Балет» театрының қоюшы-хореографы Айгүл Тәтидің ұлттық миниатюралары енген.