Танымал балет әртісі, педагог әрі хореограф Майра Қадырованың шеберлік сыныбы «Мажарстан би университетінде» 26-қыркүйек пен 22-қазан аралығында өтеді. Бұл – халықаралық тәжірибені үздіксіз меңгерудің жемісі. Тәжірибелі ұстаздар мен сахнаның һас шеберлерінің көмегі – дайындықтың маңызды бөлшегі саналады. Осындай білікті мамандар өз тәжірибесімен бөлісіп жатса, мұның өзі болашақ балет әртістеріне шеберлігін ұштауға мүмкіндік бермек.
Майра Қадырованың балет әртісі ретінде жеткен шыңы биік екенін атап өткен жөн. Биші ретіндегі мансап жолын аяқтаған соң, ол А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінде, одан кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ҰӨА ұстаздық қызметпен айналысты. Сонымен қатар, «Artist Home Village» (Жапония) балет мектебінде жұмыс істеп, ал, 2007-2015 жылдар аралығында А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарды. Осы күні Майра Қадырова – «Астана Балет» театрының ұстаз-репетиторы.
Ұстаздық еткен жылдары ол халықаралық балет әртістері сайыстарынан жүлделі оралған оннан астам лауреатты тәрбиеледі. Сахнадағы және педагогика саласында көп жылдық тәжірибесінің арқасында Майра Қадырова бірнеше ірі шығармашылық жобаны жүзеге асырды. Соның ішінде: «Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының халықаралық конкурстары, Алматы мен Нұр-Сұлтандағы мерейтойлық концерттер.
Қазақ хореография өнері мен білім саласына сіңірген еңбегі үшін, Майра Қадырова ұлттық және халықаралық атақтар мен марапаттарға ие болды: Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі, ҚР БҒМ төс белгісі және «Қазақстан Республикасы білім беру саласының құрметті қызметкері», Қазақстанның «Еңбек ардагері» медалі, «Құрмет» ордені.