03/12/2019

«Адам баласы ертегіні қажетсінеді»: «Астана Балет» сахнасында «Золушка» балетінің премьерасы өтеді

Хрусталь туфли киген бойжеткен жайлы, бала кезден таныс ертегіге «Астана Балет» сахнасында жан бітеді.  Желтоқсанның 20, 21 мен 22 күндері астаналық театр Шарль Перроның асы аттас ертегісінің желісімен, заманымыздың һас хореографтарының бірі Надежда Калинина қойған екі көріністі «Золушка» балетін паш етпек.

Осы балет жайлы естіген бойда, өнер сүйер қауым, премьерадан бір ай бұрын билеттердің бәрін сатып алған.

Көрерменнің осыналықты ынтызарлық танытып отырғанының себебі сол, елімізде аталған ертегі балет сахнасында алғаш қойылып отыр. Сергей Прокофьевтың ғажайып музыкасын қоюшы-дирижер Арман Оразғалиев басқаратын оркестр орындап шығады.

Премьераға дайындық екі ай бұрын басталған. Хореограф Надежда Калининаның айтуынша, «Золушка» - шығармашылық жолындағы ең күрделі жобаларының бірі.

- Бұл алғаш қойылып жатқан дүние. Хореография, декорация, костюмдер, бейне контент – осының бәрін ойдан шығарып, арнайы «Астана Балет» үшін дайындап, киімдерін тігіп жатырмыз. Адам баласы ертегіні қажетсінеді. Біздің мақсат отбасыңызбен бірге көретін, заманауи стильде жасалған, тартымды кейіпкерлері көп, әзілі бар жарқын спекткль жасау. Балетте комедия жанры мүлдем сирек қолданылады, өйткені, сахнада тентектің кейіпін сомдау, күлдіру өте күрделі. Ол үшін белгілі бір дәрежеде ішкі бостандық қажет, - дейді балетмейстер.

Күлше қыздың өгей әпкелері, олардың кавалерлері, Өгей Шеше, тіпті Ханзаданың өзіне қызықты хореографиялық репликалар қосылған.

- Өз басым Ханзаданың тым салмақты, дүрдей болғанын қаламадым. Аракідік ол-дағы тентектік жасайды. Спектакль хореографиясын жасағанда мен әртістерге иек артамын, оларды әрдайым осы дүниені бірге тудырушы ретінде қабылдаймын. «Астана Балет» әртістеріне қарап, шабыттанамын. Бойыма қанат біткендей болады. Труппаның кәсіби тұрғыда осыншалықты өскені таң қалдырады, тамсандырады. Себебі, олармен осы театр құрылған шақта жұмыс істегенім бар.

Хореограф Надежда Калинина либреттоның да авторы. Декорация мен костюм суртешісі - танымал сценограф Сергей Новиков. Оның интерпретациясына сәйкес, балет оқиғасы Золушканың күнделігі ретінде өрбиді. Сол себепті, кітап тақырыбы спектакльдің өн бойынан сезіледі: декорацияда, кішігірім бутафория мен костюмдерде.

Алдағы премьераға театрдың балет труппасы түгел қатысады. Нақты ешкімнің есімін атаған жоқ, дегенмен бір нәрсе айқын. Басты партиялардың біріне әртістердің үш-төрт құрамын дайындап отыр.

Спектакль 20-желтоқсанда, сағат 19:30, ал, желтоқсанның 21, 22 күндері, сағат 18:00 басталады.