04/07/2019

«Астана Балет» аңызы

Шілденің үші күні астаналық сахнада Юрий Григоровичтің «Махаббат туралы аңыз» балетінің премьерасы өтті. Бұл туынды қала тұрғындары мен меймандарының көңілінен шыққаны аян. Қойылым аяқталған соң, әртістерге ілтипатын білдіріп, зор қошемет көрсеткен көрерменнің шат-шадыман көңілі осының айғағы.  

Нұр-Сұлтанда «Махаббат туралы аңыз» алғаш көрсетілді. Юрий Григорович туындыларының ішінде бұл балеттің алар орны ерекше. Сюжет негізіне алынған ежелгі парсы аңызы нақ осы балет өнеріне арналғандай. Мұнда қарама-қайшылықтар алуандығы, жақсылық пен зұлымдық күресі, өжеттілік пен қорқақтық сынды сезім иірімдері сценанография күшімен, музыка құдіретімен көпшілік жүрегіне құйылады. Сценография авторы – грузин суретшісі Симон Вирсаладзе болса, музыка авторы әзірбайжан Ариф Меликов.

Әйтсе де, мұнда басты екпін хореографияға қойылған. Қырағы көрермен әртістердің әр қимылын жіті қадағалап, әмірі мүлтіксіз орындалатын патшайым Мехменэ Бану мен шығыс өнерінің көрінісі іспетті болған суретші Фархат, даналық пен мұң, махаббаттан көзін шел басқан жандар, қорғансыздың күні мен жанқиярлық сынды сезімдерге куә болды. Жер бауырлап қалған, құмыра ұстаған кордебалет халықтың мұңын шертсе, ондаған кордебалет бишісі қатысатын орасан шеру Мехменэ Банудың құдіретін әспеттегендей. Иә, оның дәурені жүріп тұрған шағында, жан баласы қарсы тұра алмас.

Нұр-Сұлтандағы премьераға костюмдер мен декорацияны ресейлік һәм қазақстандық шеберлер, сценограф Дмитрий Чербаджидің қатаң бақылауымен дайындады. Сахнаның ықшам безендірілуі әрі балет формаларының сан-алуан бояуы көрерменді ежелгі шығыс ертегісінің әлеміне жетелеп әкетті. Ашылған кітап секілді жасалған декорация, махаббат жайлы би тілімен баяндайтын әртістердің мүмкіндіктерін кеңейтті. Қан қызыл түсті бояу патшайым Мехменэ Бануды суреттесе, ғашықтар жыры - Фархат пен Шырын шығатын сахналарда көкшіл түспен жеткізілген.

Айта кетерлігі, алғаш бұл балет 1961 жылы көрсетіліп, хореография өнеріндегі эстетикалық революцияға айналды. Осы күні ХХ ғасыр классикасына баланатын балет бірегей әрі күрделі хореографиясының арқасында өзектілігін жойған жоқ. Әйгілі балетмейстердің спектаклін өз сахнасында қоюға құштар театрлар көптеп саналғанымен, бәрінің қолынан бұл келе қоймайды: танымал хореограф өз туындыларын қоятын балет труппаларын таңдағанда ерекше ыждаһаттылық танытады.

 «Махаббат туралы аңызды» адам мүмкіндігінің шегінде жасалған туынды деп бағалайды. Биікке секіру, бірін-бірі жоғары көтеріп ұстау – осының бәрі эмоциялық және физикалық мүмкіндіктер шегінде жасалған. Оның үстіне, әртістер осының бәрін кейіпкерлерінің бойын билеген сезім иірімдерімен де ұштастыра білуі тиіс еді. Мұнда құштарлық та, қызғаныш та, шарасыздық та бар. Астаналық театр әртістерімен орасан жұмыс атқарған – қоюшы- хореограф Юрий Григоровичтің ассистенттері – Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая.

Алғашқы күні патшайым Мехменэ Бану бейнесін дарынды биші Айжан Мұқатова сомдады. Оның әміршісі – билігі шексіз, мінезі өктем, сонымен бірге, бақыты баянсыз, Фархат пен Шырынның махаббатын көтере алмаған, шарасыз билеуші.

Патшайым сіңілісінің бейнесін Татьяна Тен сомдады. Ғаламат орындаушылық техника, партияның эмоционалды құдіретімен ұштаса келіп, Шырынның канондық бейнесін сахнаға алып шықты. Бұл нәзіктік пен әсемдікті, сонымен бірге, рух биіктігін паш еткен бейне.

«Астана Балет» театрының жетекші солисті Фархат Бөриев, ханзадалардың бейнесін сомдауға жаралғандай. Оның кейіпкері сарай суретшісі Фархат әртістік құдіретпен қоса, техникалық шеберліктің шыңына айналды. Патшайым махаббатының тұтқынына айналған оның кейіпкері, халқы үшін жанын пида етуге бекініп, ел игілігі үшін махаббатынан да теріс айналғанда шын мәніндегі еркіндікке қол жеткізеді.

Патшайымға адал Уәзірдің бейнесін Әмір Жексенбек сомдады. Оның Мехменэ Бануды сомдаған Айжан Мұқатовамен жұптаса ойнайтын сахналары көрермен қошеметіне бөленді. Ал, үрей туғызар Бейтаныс жанды сомдаған Нельсон Пенья кейіпкерін мінсіз ойнап шықты.

Көрермен қауым, әртістердің әр қимылын жіті қадағалап, ерекше күйге бөленген тұста ду қол шапалақтап, оларға қолдау білдіріп отырды. Музыкалық сүйемелдеудің де эмоциялық әсері орасан еді: қоюшы-дирижер Арман Оразғалиев жетекшілігіндегі оркестр балет әртістерінің әр қимылына тіл бітіргендей әсер қалдырды. Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестр әзірбайжан композиторы Ариф Меликовтың шығармасын шебер орындап шықты.

 Алда тағы екі күн премьера өтедішілденің 5 мен 6 күндері көрерменге әртістердің өзге құрамдары өз өнерін тарту етпекші. Демек, спектакльдің жаңа қыры да айшықтала түспек.