Тамыздың 24 күні «Астана Балет» Театрының Әлішер Навои атындағы Өзбекстан Үлкен театрындағы қойылымы ерекше қабылданды. Юрий Григорович қойған, Ариф Меликовтың «Махаббат туралы аңыз» атты балеті көрермен назарына ұсынылды. Көрермен қауым қазақстандық әртістердің өнерін ықыласпен тамашалап, қойылым соңында қошеметін аямады.
- «Астана Балет» Театры еуропалық, тіпті, әлемдік талаптарға сай. Біріншіден, өз басым, кордебалетке таң қалдым. Бәрінің бойы ғана емес, ішкі қуаты пара-пар келетін тәрізді. Солисттер кордебалет аясында өздерін бар қырынан көрсете алды. Майя Плисецкая билеген Мехменэ Бануды еске аламын, меніңше, сіздің әртістеріңіз осы дәрежеден кем түспейді – деген пікірімен бөлісті Өзбекстанның еңбек сіңірген өнер қызметкері, музыкатанушы Иннесса Гульзарова.
«Махаббат туралы аңыз» жаһанға әйгілі хореографтың алғашқы спектакльдерінің бірі. Бұл қойылымда балет өнерін биік шыңға көтерген төрт таған тоғысқан. Либретто негізіне драматург Назым Хикметтің фәлсәфалық пьесасы алынған. Музыкасын шығарған Ариф Меликов, ал, ғаламат сценографиясының авторы – Симон Вирсаладзе.
- Бұл спектакльді кез-келген балет труппасы орындай алмайды. Ең бастысы, бұл спектакльді қоюға рұқсат алу да Театр үшін қиямет-қайым. Оның «Астана Балет» Театрының репертуарына енуі әртістеріңіздің кемелдігінің көрсеткіші. Труппа хореографияны толық меңгерген, оның үстіне, Қазақстаннан болғандықтан, шығыс менталитетін де көрсете алды, - деп атап өтті, Ташкент Мемлекеттік ұлттық би және хореография жоғарғы мектебінің ректоры Шухрат Тухтасимов.
Сюжет негізіне ежелгі шығыс әпсанасы алынған. Апалы-сіңілілі – Мехменэ Бану мен Шырын – сарай суретшісі Фархатқа ғашық. Шырын жас жігіттің көзіне түсті, ал, Мехменэ Бану үшін бұл мүмкін емес: бір кездері ол сіңілісінің өмірін сақтап қалу үшін сұлулығын тәрк еткен-тін. Сарайдан сытылып шыққан қос ғашықтың алдында зор сынақ күтіп тұр, ал, Фархат халқы үшін ғашығынан да бас тартуға бел буады.
Юрий Григорович хореографиясының бояуы қанық, өзіндік көркем тілінің қуаты мол. Көрермен қауым демін ішіне тартып, кейіпкерлердің басынан өткерген сезімін тұла-бойымен сезіне алды.
- «Астана Балет» таң қалдырды. Барлық драмалық иірімдер діттеген мақсатына жеткізіліп орындалды. Әртістердің алдында бас иеміз. Өйткені, Григоровичтің хореографиясы өте күрделі. Қазақстандық труппаның келгеніне ризамыз. Біздің әртістеріміз де олардың өнерінен шабыт алған тәрізді. Сөз жоқ, қазақстанық әртістер осы өнерге қойылар талаптың үздік үлгісін көрсетті, - деген пікірімен бөлісті Әлішер Навои атындағы МАҮТ балет солисті Надира Хамраева.
Алғашқы күні Мехменэ Бану партиясын Театрымыздың жетекші солисті Айжан Мұқатова орындады. Оның орындауында патшайым тәкаппар әрі қайсар болғанымен, бейбақ әрі ешкімнің сүйіспеншілігіне бөленбеген жан. Театрымыздың жетекші солисті сомдаған кейіпкер көркем мінезді, нәзік көрінгенімен әмір бергендегі болмыс-бітімі арқаңды шымырлатады. Фархад екеуінің драмаға толы дуэті көрермен көкейінен орын алғаны анық.
Фархат Бөриевтың орындауындағы сарай суретшісі Фархат күллі көрермен қошеметіне бөленді десек, артық айтқандық емес. Баспасөз мәслихаты кезінде әртіс есімінің аңыз кейіпкерінің құрметіне қойылғанын айтып, енді, міне, осы партияны балетте орындап жатқанына тоқталып өтті. Биікке ұмсынып секіруі, Шырын екеуінің іңкәр дуэті көрермен сезімінің иірімдеріне бойлады. Антракт барысында көрермендердің өзара – Фархаттың сахнаға шығуының өзі тәнті етеді. Оған билемесе де болады, - деген сынды ілтипатын құлағымыз шалды.
Татьяна Тен Шырын партиясын орындағанда ойнақылық сезіміне басымдық береді. Ол сахнаның бір басынан екінші жағына өте жеңіл, еркін қимылдап, сахнада құстай самғады десек болады. Оның еркін биін тамашалап отырып, бұл балеттің хореографиясы күрделі екенін бір сәт есіңізден шығарасыз. «Қуғын» сахнасында нәзік әрі сезімтал ханшайым мінезінің ізі де қалмайды. Көрермен батыл әрі өжет Шырынды көреді. Көреді де, оның бұл тұрпатына иланып, қошеметін аямайды.
Әмір Жексенбектің орындауындағы қаһарлы Уәзір нақты, шапшаң қимылдары арылы кейіпкерінің сипатын аша білді. Әйелдер мен ер адамдардың кордебалеті жайлы бөлек айтқан жөн. Юрий Григоровичтің ассистенттері – Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая орасан жұмыс атқарды: көпшілік сахналардағы үйлесімділікке тәнті боласың. Әртістер әр сахнаның күш-қуатын барынша көркем жеткізе алды.
- Руслан Пронин мен Оксана Цветницкая зор жұмыс атқарғаны көрініп тұр. Бұл өте жақсы, лайықты жасалған дүние болады деп топшылаған едім, жоқ, бұл – мінсіз орындаған дүние екен. Кордебалет сағат секілді жұмыс атқарды. Солисттерге де құрмет білдіріп қою керек. Григорович оларды тағдағанда зор жауапкершілік танытаныны белгілі. Бүгін әртістеріңіз осы қойылымды орындауға лайық екендерін, соған дайын екендерін көрсетті, - деген пікірімен бөлісті Өзбекстан Үлкен театры балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Андрис Лиепа.
- Барлық ұсақ, бірақ өте маңызды дүниелерді әртістер жіті қадағалап, көрермен көкейіне қондыра білді. Осы спектакльді көргеніме өз басым қуаныштымын, бұл жайлы баршаға баяндауға әзірмін. "Астана Балет" ұжымына алғысым шексіз. Меніңше, бұл спектакль Театр репертуарынан өз үлесін алады, болашақта – деді қоюшы-хореографтың ассистенті Руслан Пронин.
Өзбекстан Үлкен театрының симфониялық оркестрімен орасан жұмыс атқарған маэстро Арман Оразғалиев. Айта кетерлігі, Өзбекстан Үлкен театрында «Махаббат туралы аңыз» соңғы мәрте 1993 жылы орындалған болатын. Музыканттардың ішінде, сол шақтағы қойылымға қатысқандар да болды. Дегенмен, Ариф Меликовтың ғаламат әрі күрделі музыкасының партитурасы тыңнан игерілді деуге болады.
- Оркестр мүлдем өзгеше қырынан көрінді. Ойнап отырған біздің оркестр ме өзі, деп те ойладым. Маэстро Арман Оразғалиев, бұған дейін әуезін таныта алмаған аспаптардың өзін жаңа қырынан көрсетіп, олардың да әуезін әуелете алатынын көрсетті, - деді Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі Владислав Егай.
Алда тағы бір, соңғы көрсетілім бар. Тамыздың 25 күні Өзбекстан Үлкен театрының сахнасында тағы да «Махаббат туралы аңыз» өзге әртістердің орындауында салтанат құрып, демек, өзге бояуға енеді.