04/02/2023

«Астана Балет» театрында La STRAVAGANZA

25-ақпанда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Астана Балет» театрында шақырылған дирижер Арман Мырзағалиев пен шақырылған солист Юстус Гримм (виолончель) және симфониялық оркестрдің көптен күткен концерті өтеді. La STRAVAGANZA (әдеттегіден тыс, ерекше) концертінің бағдарламасы түрлі композиторлардың шығармаларынан құралған.

«Шығармашылық, музыкалық байланыстар әрқашан да қызықты ғой. Тың, біздің елімізде сирек орындалатын шығарманы орындау мүмкіндігі туындыса, тіпті жақсы. Театрымыз жаңалықтарға ашық, сол себепті, дирижер Арман Мырзағалиевтың ұсынысын  қабыл алдық. Алуан-түрлі, жарқын музыканы біздің көрермен де қуана қабыл алады деген сенімдемін», - деді, оркестрдің бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабаева.

Астаналық көрермен назарына ұсынылатын концерт бағдарламасы музыкалық орындаушылық өнерді заман ауқымында саралауға жол сілтеп, классикалық музыка жанрының өзектілігін тыңдарман қауым көкейіне қондыруды көздеп, сонымен бірге, орындаушылықтың биік талаптарын үлгі етпекші. La STRAVAGANZA – музыканттардың парасаты, шығармашылық ізденісі мен зор еңбегінің жемісі.

Чех композиторы Бедржих Сметананың «Влтава» атты ауқымды симфониялық поэмасы мен румын сазгері Джордж Энескудың әйгілі «Рапсодия» no.1 туындысы италиялық Отторино Респигидің «Антикалық Би мен Арийлер сюитасынан» мүлдем бөлек сарында жазылған.

«Осыдан бірнеше жыл бұрын, FORTE MUSIC FEST халықаралық фестивалі аясында өткен концерттер барысында Фридрих Гульданың концертін және осы тектес бағдарламаны орындау туралы ой келіп еді. Мінеки, уақыт өте, «Астана Балет» театры оркестірінің озық ойлы, алғыр музыканттарының кәсіби қолдауының арқасында осы ойды жүзеге асыру мүмкіндігі туды», - дейді Арман Мырзағалиев.

Екінші бөлімді концерттің шырқау шыңы деп қабылдау керек шығар. Австриялық композитор Фридрих Гульданың Виолончель мен үрмелі аспаптар оркестріне арналған концерті және мексикалық классик Артуро Маркестің «Danzon» no.2 шығармасы елімізде алғаш рет орындалмақшы. Дарынды композитор Қуат Шілдебаевтың үлкен оркестрге лайықтап шығарған Абай әнінің көпшілігімізге таныс әуезі концерт шымылдығын жауып, көктем нышанын білдірсе керек.

«Біз ұнататын тұлғалардың өнері біріне-бірі ұқсамайтындығымен қызықты. La STRAVAGANZA бағдарламасында, меніңше, бәрі дараланып тұр... Осы концерттік бағдарлама музыкатанушы білгір мамандар үшін ғана емес, концерт залына алғаш аяқ басқан адамдар үшін де қызықты болса керек», - дейді Арман Мырзағалиев.