01/10/2022

«Астана Балет» театры үздік рецензияға байқау жариялады

«Астана Балет» Театры көрермендер арасында «Тырнақ алды туынды» («Проба пера») атты рецензия байқауын жариялап отыр. Байқау нәтижесі 31-қазанда театрдың сайты мен әлеуметтік желілерінде жарияланатын болады. Жеңімпазға 100 000 теңге көлемінде ақшалай жүлде мен спектакльдерді тамашалауға абонемент беріледі. Осы арқылы Театр көрермен қауыммен қарым-қатынасты тың деңгейге көтеріп, қалам ұстаған авторлардың жаңа есімдерін жария етпекші.

«Астана Балет» Театрының мақсат-міндеті – ойлы көрерменді тәрбиелеу. Байқаудың негізгі мақсаты – дарынды балет сыншыларын анықтап, қолдау көрсету. Олардың шығармашылық әлеуетін арттырып, байқауға қатысушыларды отандық мәдениет пен өнердің үздік туындыларымен таныстыру.

Байқауға қатысу үшін профильдің тақырыпшасындағы сілтеме арқылы театрдың инстаграм аккаунтына тіркелу қажет. Байқауға қатысушыға театрдың репертуарындағы екі бір актілі балеттің бірін таңдап, көру мүмкіндігі беріледі. Спектакльдер жайлы анықтама мәліметтері (қойылым тобы, балеттің сипаттамасы) astanaballet.com ресми сайтында бар.

Астаналық театр шығармашылығының жанкүйері болсаңыз, спектакльдерді жиі көріп, өз ойыңызбен, алған әсеріңізбен бөліскіңіз келсе «Тырнақ алды туынды» («Проба пера») байқауына қатысуды ұсынамыз. Көрген спектакліңіз жайлы ой қорытып, алған әсеріңізді, әртістердің өнері, сахна кеңістігінің безендірілуі, орындалған музыка жайлы ойыңызды қағаз бетіне түсіріңіз. Спекаткльді мейлінше дәл, толық әрі қызықты суреттеуге тырысыңыз. Пікіріңізбен танысқан оқырман – көрермен залында жаныңызда отырып, сахнадағы көріністі бірге тамашалағандай әсер алсын.

Байқау барысында 3500 - 7000 белгіден тұратын төлтума рецензиялар іріктеледі. Жазған еңбегіңізді 2022 жылғы 1-25 қазан (қоса есептегенде) аралығында pressa@astanaballet.kz поштасына «Тырнақ алды туынды» («Проба пера») деген тақырып қойып жолдауыңызға болады. Байқау жеңімпазын іріктеу комиссиясы анықтайды. Комиссия құрамында директордың орынбасары Валерий Күзембаев, көркемдік жетекші Нұрлан Канетов және бас балетмейстер Мукарам Авахри бар. Жеңімпаздың рецензиясы автордың емлесі мен тыныс белгілерін сақтай отырып, театрдың сайтында жарияланатын болады.