Халықаралық балаларды қорғау күніне орай және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жария еткен Балалар жылының аясында, 1-маусымда «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің «Magic moments» атты концерті өтті.
Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева осы концертке қатысатын ҚазҰӨУ жанындағы мектептің аса дарынды оқушыларының ішінен халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттарын іріктеп алды.
Кеш бағдарламасына орыс және шет елдің классикалық шығармалары енді. Маэстро Арман Оразғалиев жетекшілік ететін «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен жас музыканттар А.Вивальди, П.И.Чайковский, Ф.Шопен, Ю.Полунин, С.Меркаданте, Н.Расауро және өзге де әйгілі композиторлардың шығармаларын орындайды. Осы ғажайып музыкалық шығармалар талай буынның жүрегін тербеп, ғасырлар өтсе-дағы өзінің тартымдылығын жоғалтпай, шығармашылық түпкі ойының тереңдігінің арқасында тыңдарманның көңіл пернесін шертіп, санасына қозғау салады.
«Астана Балет» театры жасөспірім көрермендерін Балаларды қорғау күнімен құттықтайды. Осы тамаша мерекенің мұраты асқақ. Сонымен бірге, бұл күн – ауыр жағдайға душар болған балаларға қамқорлық таныту керегін де еске салып тұрғандай. Сол себепті, осы концертке денсаулығының кінәраты бар және тұрмысы нашар отбасыларының балалары шақырылды.
Аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.