Қыркүйек айының басында «Астана Балет» театры Х мерейтойлық театр маусымын Мукарам Авахридің «Жібек жолы» спектаклімен ашылады. Театр басшылығының айтуынша, жаңа маусымда тың жобалар, қызықты әрі мазмұны терең туындылар көрермен назарына ұсынылмақшы. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен театр сахнасында балалар мен ересектерге арналған спектакльдер, авторлық қойылымдар, симфониялық музыканың концерттері мен репертуардағы көрермен көзайымына айналған балеттер көрсетілетін болады.
24-25 қыркүйекте бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрінің «Есімдер» атты концерті өтеді. Кеш бағдарламасында әлемдік музыка классикасының жауһарларын тыңдай аласыз: Д.Шостаковичтің «Мерекелік увертюрасы», П.Чайковскийдің Фортепиано мен оркестрге арналған № 1 концерті мен № 4 симфониясы.
«Жаңа маусымдағы концертті Қазақстанның жарқын жұлдыздарының бірі, танымал музыкант әрі өнер қайраткері Жания Әубәкіровамен бірге өткіземіз. Біз үшін бұл зор құрмет әрі баға жетпес тәжірибе. Музыканың жаңа қырын тануға жол ашатын мүмкіндік. Осы концерт – еліміздің танымал музыканттарымен бірлесе өткізілетін концерттер топтамасының басы болады деп үміттенеміз. Жас ұжымымыз үшін бұл өте маңызды әрі баға жетпес тәжірибе. Бұл концерттен алар әсеріміз де ұмытылмайтыны анық», - деген ойымен бөлісті Қаламқас Жұмабаева.
Солист – Қазақстанның халық әртісі Жания Әубәкірова. Мәдениет және білім беру саласындағы қайраткерлік қызметі үшін ол көптеген ұлттық және халықаралық атақтармен марапатталды: Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Бейбітшілік пен прогресс мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Францияның Өнер және әдебиет ордендерінің кавалері, Еуропалық өнер униясы сыйлығының иегері, «Платиналы Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты.
«Дирижер Арман Оразғалиевтың «Астана Балет» оркестрімен концерт өткізу жайлы ұсынысын шабыттана қабыл алдым. Алматыда өткен гастрольдік сапарларыңызда Арманның концертін тыңдаған едім. Ол консерваторияның түлегі ғой. Бұрын мен оны аспапты мінсіз меңгерген әрі парасатты музыкант ретінде білетінмін. Дирижер ретіндегі өнеріне куә болып, ол үшін де, театр үшін де өте риза болдым. Өз басым соңғы рет 2019 жылы концерт беріп, пандемиядан кейін астаналық көрерменмен әлі көріскен жоқ едім. Мен төрт фортепиано концертінің бірін таңдауды ұсындым – А.Скрябин, К.Сен-Санстың ІІ концерті, Й.Брамстың І концерті және П.И.Чайковскийдің І концерті. Арман Чайковскийді таңдады, мен де қуана келістім. Ерекше бір толғаныспен дайындалып жатырмын. Үлкен сахнаны сағынып қалыппын. Бірлесе музыка ойнап, фортепиано аспабын сүйіп тыңдайтын астаналық көрермен қауыммен қауышар қуанышты сәтті асыға күтіп жүрмін», - деді Жания Әубәкірова.
П.И.Чайковскийдің шығармашылығының, соңында қалған бай мұрасының әлемдік музыка өнерінде алар орны ерекше. Туындылары музыка өнерінің асыл қазынасына айналды. Ал, осы концертте орындалатын туындылары – лирикалық нәзік музыка, бояуы қанық әрі ерекше әуезді дүние.
Орындаушылар осы туындыларды орындауға асық. Оның шығармалары жүздеген жылдар бойы көрермен қауым жүрегінің төрінен орын алып келеді. Осы әйгілі композиторлардың тағылымды ғұмыры мен таза мөлдір шығармашылығы уақыт өлшемінен асып түсті. Олардың өнері асыл қазынамызға айналды.