4-қарашада «Астана Балет» театрында бас дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрінің «Есімдер» концерті өтеді. Солист – әйгілі скрипкашы Марат Бисенғалиев.
«Есімдер» атты концерт – театрымыздағы ғажайып музыка салтанатының жалғасы. Осыдан бір жыл бұрын еліміздің танымал өнер қайраткерлерінің қатысуымен концерт өткізуді жоспарлап қойып едік. Алғашқы концерт Жания Әубәкірованың қатысуымен өтті. Енді осы бастаманы Марат Бисенғалиев те қоштады. Әрбір концерт – классикалық музыканың қыр-сырын ашуға, аудиторияны тамсандырып, ұмытылмас көңіл-күй сыйлауға жол ашады. Қалың көрермен мен кәсіпқой мамандардың тарапынан қолдау тауып отырған осы бастамамызды мақтан тұтамыз», - деген ойымен бөлісті, театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев.
Кештің бірінші бөлімінде көрермен қауым А.Хачатурянның екі шығармасын тыңдайды. Алғашқысы – «Спартак» балетінен адажио. Сезім иірімдеріне бай, терең туынды. А.Хачатурянның үздік шығармаларының бірі, «Спартак» балетінің музыкасында композитор шығармашылығының ерекшелігі мейлінше көрініс тапқан. Адалдық, достық пен махаббат ұранына айналған бұл композиция – еркіндікке ұмтылған Спартактың қасіретті тағдырын суреттейді.
Содан кейін «Скрипка мен оркестрге арналған концерт» орындалады. Осы күрделі шығарманы орындау арқылы, Марат Бисенғалиев өзінің шеберлігін паш етеді. Скрипкашы осы шығарманы нақышына келтіріп ойнайтыны соншалық, көрермен санасына қозғау салады.
«Өзім үшін жаңа залда әрі Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі жас оркестрдің сүйемелдеуімне өтетін осы концертті тағатсыздана күтіп жүрмін. Ғаламат шығарма – Хачатурянның концертін орындаймын. Концерт сәтті өтеріне күмәнім жоқ. Классикалық музыканы ұнатушы қауыммен қауышар сәтке асықпын!», - деді Марат Бисенғалиев.
Марата Бисенғалиевті – өзіндік шығармашылық болмыс-бітімі қалыптасқан, батыл эксперименттер мен жаңашылдықтарға барынша ашық, өмірлік қуаты тасыған музыкант ретінде сипаттауға болады. Скрипкашының рухани келбетінен данышпандық пен эрудицияның лебі есіп тұр. Ол жан-жақты дарын иесі, алайда, сахнада ол скрипкашы әрі әртіс ретіндегі асыл міндетін орындайтын һас шебер.
Кештің екінші бөлімінде С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» балетінен сюита орындалады. Осылайша тыңдарман қауым баршаға таныс, ынтызарлық пен романтикаға толы оқиғаның әлеміне шомады. Музыканың ырғағында негізгі драматургиялық идеяның тынысы сезіледі. С.Прокофьевтің балетіндегі музыка дараланып, үздік симфониялық шығармалардың қатарында тұр.
Алдағы концерт классикалық музыканы бағалаушылар үшін ғаламат тарту болмақ. Көрермен қауым ұлы композиторлардың ғажайып шығармаларын тыңдап, бір жасап қалады.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтеді.