«Астана Балет» театрының ұжымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 20-наурыздағы жолдауы мен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ел Үкіметінің коронавирустың таралуын тежеуге байланысты іс-шараларына қолдау білдіреді.
Театр қызметкерлерінің бәрі қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысты. «Жеке және қоғамдық өмір уақытша шектелген тұста, бәріміз түсіністік пен бірлік танытқанымыз абзал», - дейді әртістер.
Сонымен қатар, «Астана Балет» театрының ұжымы бір күндік еңбекақысын коронавирус пандемиясы жағдайына байланысты құрылған республикалық көмек қорына аударып отыр.
«Астана Балет» театры барша қазақстандықтарды сабырға шақырып, осынау қиын сынақтан сүрінбей өтуімізге тілектестігін білдіреді!