Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында, наурыздың 6-7 күндері, астаналық театр әртістерінің қатысуымен мерекелік гала-балет көрсетілмекші. Бір кеште көрермен қауым заманауи хореография тілімен ғана емес, фуэте мен па де де өрнектері бар классика жауһарларын да тамашалай алмақ.
Гала ішіне классикалық мұраға жатқызылған спектакль үзінділерімен қатар, неоклассикалық қойылымдар да еніп отыр. Бірінші бөлімде әйгілі «Корсар» балетінен «Жайқалған бақ» сахнасы, «Шерткіш», «Аққу көлі», «Күлше қыз», «Махаббат туралы аңыз» және «Silent Voices» балеттерінен үзінді көрсетіледі. Ғажайып пластика тілінің құдіретімен адам баласының сезімі, арманы мен үміті жайлы оқиғалар баяндалады.
«Мұндай көрсетілімдер біздің солисттеріміз үшін өте маңызды әрі пайдалы. Себебі, олар осы арқылы өзінің шығармашылығын паш етпек. Бір жағынан, бұл олардың өз мүмкіндіктерін тағы бір тексеруіне, жалпы, өсуіне де септігін тигізбек», - деген ойымен бөлісті «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Екінші бөлімде бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «A Fuego Lento» («Баяу жалын») бір актілі балеті көрсетілмекші. Заманауи хореография тілімен бразилиялық хореограф махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды билеген үрей, тәніңізді жаулаған қуаныш сезімі мен ішіңізде жалындай лаулаған құштарлық сезімін суреттейді. Сезімтал танго биінің ырғағымен әуелеген, ынтық сезімге толы сахналар ешбір көрерменді бей-жай қалдырмас.
Спектакльдердің басталуы: 6-наурызда, сағат 19:30, 7-наурызда, сағат 18:00.
Естеріңізге сала кетейік, наурыз айында «Астана Балет» театры, Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы аясында Атырау және Семей қалаларында өнер көрсетеді.