Фильм түсірілімі бойжеткен кейіпкердің туған ауылы мен «Астана Балет» театрында өткендіктен, режиссер басты кейіпкердің асқақ арманын көрсетіп, балет өнерінің қыр-сырын жан-жақты аша алды.
«Армансыз адам болмайды. Ал, бала үшін мұның маңызы ерекше. Мен баланың арманын жазбай танып, оған қол жеткізуіне барынша көмектесудің қаншалықты маңызды екенін, оның таңдаған мамандығына деген махаббатын оятып, құштарлығын арттырудың қажет екенін көрсеткім келді. Қазақстанымыздың кез-келген өңірінде осындай Нарқыз бар. Өз басым, дарынды балаларға қолдау көрсету еліміздің басты мақсаты болғанын қалаймын. Әрине, балет әлемімен танысу да мен үшін қызықты болды. Біз көп дүниені білмейміз, тек, сахнадағы әдемі көріністі ғана тамашалаймыз. Түсірілім барысында, күн сайын екінің бірі шыдай алмас, адам баласының мүмкіндігінің шегінде еңбек етіп жүрген әртістерге деген көзқарасым да өзгерді», - деп жазды Қанат Бейсекеек өзінің инстаграмм аккаунтында.
Қызылорда облысы, Шиелі ауылында тұратын кішкентай Нарқыз бала кезінен балерина болуды армандайды. Ол Астаналық хореография академиясының аймақтарда өткізген іріктеуі кезінде емтихан тапсырып, оқуға түседі. Фильмде, болашақ балеринаның анасы: «осылай болады деп армандаған да жоқпыз», -деп ағынан жарылады.
Қыз баланың ауылындағы түсірілім, елордасында орналасқан ең жас театр «Астана Балет» ғимаратында жалғасады. Бұл – еліміздің ең жас әрі ұлттық би, неоклассика мен заманауи хореографияны ұштастырған театры.
Нарғыз Қазақ ұлттық хореография академиясында оқу мүмкіндігіне ие болып қана қоймай, премьера алдында театр шымылдығының сыртындағы қызу өмірге қанық бола алды. Осы күні еліміздің хореография мен би оқу орындарында оқитын балалардың бәрі болашақ тағдырын осы театрмен байланыстыруды армандайтыны ақиқат.
Басты кейіпкер сахнаға шығар алдындағы әртістердің дайындығын бақылап, олардың жылы лебізі мен ізгі тілектерін естиді. Сөйтіп, оның балерина болып, елінің даңқын асыру туралы арманы беки түседі.